Байланыс операторлары 200 ауылда интернет бар деп жалған ақпарат берген

31.03.2022 в 23:34

Былтыр байланыс сапасына қатысты 560 тексеру жүргізілген

Байланыс операторлары 200 ауылда интернет бар деп өтірік ақпарат берген. Бұл туралы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың аралық нәтижесін талқылаған жиында ведомство басшысы Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, былтыр байланыс сапасына қатысты 560 тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде ұялы байланыс операторларына салынған айыппұл көлемі 140 млн теңгені құраған. Яғни, соңғы екі жылда 10 есе өскен.  

«2021 жылы 200 ауылда байланыс пен интернет бар деп ақпарат берген операторлар 2022 жылы интернет жоқ екенін мойындады. Өйткені олар біздің ауыл-ауылды аралап, қай жерде интернет сапасы төмен екенін анықтап жатқанымыздан, қателікті өздері мойындап, жұмысты басынан бастау жеңілірек болатынын түсінді», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.