Алматыда әскерге шығарып салу іс-шарасы өтті

05.04.2023 23:35

50 жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды

Almaty.tv

Бүгін 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында әскерге шығарып салу іс-шарасы өтті. Көктемгі шақырылымның алғашқы легі – болашақ десантшылар. 50 жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты рәсімге әскери гарнизондардың қызметкері мен ардагерлер, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жасұлан» республикалық әскери мектебінің оқушылары мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының бүлдіршіндері қатысты. Ардагерлер болашақ сарбаздарға ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.

«Қазір десанттық шабуылдар бригадасына жіберіп жатырмыз. Әуе қорғаныс күштеріне, Қарулы Күштерге көктемгі шақырылымды бітіргеннен кейін, маусым айында Ұлттық ұланға сарбаздар аттанады. Көктемде 1500-ге жуық әскерге шақырылушы тіркеледі», – деді Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Фархат Құрманғажинов.

«Әскери борышымды өтеуге ДШБ-ға бара жатырмын. Менің арманым еді. Борышымды өтеп болған соң, әскери қызметкер болсам деген ниетім бар», – деді жас сарбаз Мадияр Қанатұлы.