Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша 281 өтінім кері қайтарылды

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша 281 өтінім кері қайтарылды
Дауыс беру 23 қарашада аяқталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша 281 өтінім кері қайтарылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өйткені идеялар тиісті санатқа сәйкес келмейді. Мәселен, тұрғындардың бірі жеке бас пайдасын ойлап, дүйім елге емес тек өзіне қажетті идеяны ұсынған. Сондай-ақ, халық сұраған аумақ жекенің меншігінде екені анықталды. Ал 60 жобаның авторы идеяны толық аяқтап бітірмеген. Ең көп ұсыныс футбол, баскетбол және волейбол алаңдарын салуды сұраған. Оған қоса, саябақ, гүлзар және жүргіншілер жолын жөндеуді ұсыныпты.

«Одан кейінгі орында 177 ұсыныста самалжай, отырғыш және қоқыс жәшіктерін көбірек қоюды сұраған. Балалар мен ересектер бір уақыт демалып отыратын демалыс аймағы туралы да өтінімдер келді. 76 жоба тротуарлар салу, пандустар және арықтарды жөндеу, 53 жоба аймақты көгалдандыру, 18 жоба қоқыс алаңдарының көзін жоюды көздейді», – деді қалалық стратегия және бюджет басқармасы басшысының орынбасары  Жанар Жазылтаева.

«Бюджетке қатысу» жобасында дауыс беру жалғасып жатыр. Ауқымды шара 23 қарашада аяқталады. Ал 24-інде кіл мықты атанған жобалардың саны анықталады. Ұйымдастырушылар биыл екі жолмен дауыс беруге болатынын айтады. Айта кетейік, биыл жалпы құны 24 миллиард теңгеге жуықтайтын 800-ге жуық жоба ұсынылды.

«Қорытындылайтын болсақ, тұрғындардың құны 10 миллиард 700 миллион теңге болатын 448 бастамасы дауыс беруге жіберілді. Сайтта барлығы 795 жоба бар. Оның біреуін автор қайтарып алды. Өткен жылмен салыстырсақ, биыл қала тұрғындары тарапынан қызығушылық артқан. 2019 жылы 333 жобалық ұсыныс түскен», – деді қалалық стратегия және бюджет басқармасы басшысының орынбасары Жанар Жазылтаева.

Новости партнеров