Ақтөбелік құрылысшылар неге жалақысын ала алмай жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Жұмысшылар тұрғын үй құрылысын Жаңа жылға дейін бітірген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Маңдай тердің ақысын жемеңдер». Ақтөбеде желтоқсаннан бері айлық алмаған құрылысшылар бүгін осындай ұранмен бас көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Ақтөбенің Алтын Орда шағынауданындағы жаңа тұрғын үйлер. Құрылысы аяқталған. Жұмысшылар оны Жаңа жылға дейін бітірген. Ол үшін біраз тер төккен, алайда соның ақысын әлі ала алмай жүр. Бригадир Ринаттың айтуынша, оның тобындағы 20 адамның біреуіне де ақша төленбеген.

– Екі айдан бері ешқандай жалақымызды алған жоқпыз. 9 млн 134 мың теңге беруі тиіс. Жұмысшылар күнде хабарласады. Мердігер 2 апта болды, күнде келеміз, – деді бригадир Ринат Әбдікеров.

Ал мердігерлердің айтуынша, жаңа құрылыстағы пәтер өтпей жатқандықтан құрылысшыларға ақша төленбеген. Жақында бой көтерген нысанда жалпы құны миллиард теңгелік 4 мың шаршы метр аумақ сатылмай тұр.

– Қалай ақша жоқ? Аударып жатырмын ғой! Пәтер сатылмай жатыр. 24 млн теңге қарыз болдым, желтоқсан мен қаңтарда 15 млн теңге төледім. Енді 9 млн теңге қарызым қалды. «Төлемей жатыр» дегені өтірік, қағазда бәрі жазулы тұр. Соңғы рет 3 млн теңгені 19 қаңтарда төледім, – деді құрылыс компаниясының директоры Махамбет Әбдірахманов.

Еңбек инспекциясындағылар соңғы уақытта құрылыс компаниясы мен жұмысшылар арасында айлыққа қатысты мәселе көбейгенін айтты. Жұмыс екіжақты келісімшарт арқылы басталғандықтан, дау заң жүзінде ғана шешілуі тиіс.

– Шара қолдана алмаймыз. Оларға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Оны сот арқылы немесе нотариус арқылы шешуге болады, – деді  Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Талғат Искарин.

Жұмысшыларына қарыз болған жұмыс берушілер мәселені шешетінін тағы уәде етті. Ақпанның аяғында құрылысшылар жалақысын алады деп сендірді. Бірақ өзгеріс болмаса, бірден сотқа жүгінетінін айтты.

Оразай Нұртайұлы, Жомарт Құдайберген, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысы

Оқи отырыңыз: Алты жастағы баланы зорлаған күдікті қамауға алынды

Новости партнеров