Жарылған қабырға, шіріген еден, сарғайған төбе. Алматының қақ ортасында орналасқан, тозығы жеткен ескі үйде тұратын халық жылуға зар болып отырғанын айтады. Алмалы ауданының тұрғындары көгілдір отынға қосылмағандықтан, газ баллонын сатып алуға мәжбүрміз дейді. Ал құзырлы мекеме өкілдері бұл келеңсіздік халықтың өзінен деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Райымбек көшесі, 174г мекенжайының тұрғындары екі жылдан бері үйдің сүрілгенін күтіп жүр. Сол үшін де тура кіреберістегі көгілдір отынға қосылудан бас тартып отыр. Осылайша, газ баллонын пайдаланатын тұрғындар қамыс қаңқалы үйіміз бірер сәтте-ақ өртеніп кете ме деп қорқатынын жеткізді. Газ құбыры есік алдына дейін тартылғанымен, оны ішке кіргізуге көбінің қалтасы көтермейтін көрінеді.
Тұрғындардың айтуынша, бұл үйдің салынғанына 80 жылдан астам уақыт өткен. Бүгінде үйдің қабырғасы құлап тұр. Ал әр пәтерде орнатылған газ баллоны тұтанса, бір мезетте-ақ қызыл жалынға тұтанамыз деп қорқады олар.
Екатерина Давиченко үй суық дейді. Оранып жүретінін айтады. Соның кесірінен демалыста үйінде отырып ауырып қалған. Жылу жүйесі жүргізілсе де, тат басқан құбырлар еш жылу бермейді екен. Ауа толған жылу жүйесін тазалаудың өзі мұңға айналған.
«Үйдің мәселесі өте көп. Сондықтан біздің жағдайымызға ешкім де үңілгісі келмейді. Пәтер иелері кооперативі де қызмет көрсетпейді, иесізсіңдер деп айтады. Соның салдарынан тоңып, ал кешке көршілермен келісіп кезек-кезек жуынамыз. Әйтпесе, су бәрімізге бірдей жетпейді», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Екатерина Давиченко.
Аулада тіпті балалар алаңы да жоқ. Үй кіреберісінің күйі де аянышты. Сарғайған төбе, көгерген құбырлар мен шаң басқан есептеуіш құралды көріп, мұнда біреудің тұрып жатқанына сену қиын. Ал жергілікті басқарма өкілдерінің айтуынша, тұрғын үй реновация бағдарламасына кіретіндіктен, халық өзіне жағдай жасаудан бас тартып отырғанын айтады.
«Алмалы ауданы әкімдігі тұрғындармен жиналыс өткізген. Сонда оларға өзге кооператив иелеріне өтуге ұсыныс жасалған еді. Әрине, ол үшін халық өз қалтасынан шығын шығаруы керек. Сонда жылуға да, суға да қатысты ешқандай мәселе туындамас еді. Есіктерінің алдына келіп тұрған газды да өздері үйлеріне кіргізбей отыр», – деді Алмалы ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Руслан Айтанов.
Әкімдік қызметкерлері бұл мәселе жарты жыл ішінде шешімін табады деп уәде етті. Бүгінде ескі үйді бұзып, орнына жаңасын салатын инвесторлармен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты.
Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы