Қазақстанда жұмысы жоқ азаматтар саны 450 мыңнан асады

29.07.2022 23:35

Азаматтар жұмыссыз қалған жағдайда орта есеппен 41 мың теңге әлеуметтік төлем ала алады

azattyq-ruhy.kz

Қазақстанда жұмысы жоқ азаматтар саны 450 мыңнан асады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл тек ресми тіркелгені. Ал нақтысында көшені сағалап, екі қолға бір күрек таппай жүргендер қатары қаншама. Ел үкіметі биыл 444 мың жұмыссыз қазақстандықты еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр. Оның басым бөлігі ауыл тұрғындары.

Қазіргі күні 450 мың қазақстандық жұмыссыз деп тіркеуде тұр. Олардың 20-30 мыңы мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлемнің барын әлі де білмейді екен. Министрлік өкілдерінің айтуынша, тұрғындар мемлекеттен қаржылай қолдауды алу үшін біріңғай порталға тіркелуі керек. Немесе тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталығына жүгіне алады.

«Биыл 444 000 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Соның ішінде ұлттық жоба шеңберінде 269 жұмыс орны қарастырылған. Қазіргі кезде жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 249 мың адам жұмысқа орналастырылды», – деді ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Айжан Жапалбаева.

Азаматтар жұмыссыз қалған жағдайда орта есеппен 41 мың теңге әлеуметтік төлем ала алады. Ол арнайы бекітілген еңбекпен қамту, әлеуметтік көмек көрсету тәртібінде іске асырылады. Министрлік ақпарынша, қазіргі күні 57 мыңнан астам отбасына асыраушысынан айрылғаны үшін ай сайынғы төлем тағайындалған. Көрсеткіш бір жылда 4 пайызға өскен.

«Қазіргі таңда елде 592 мыңнан аса адам атаулы әлеуметтік көмек алып жатыр. 1 шілдеге қарағанда 115 000-нан аса отбасы, оның ішінде 592 мың адамға көмек тағайындалды. Көмекке отбасының жан басына шаққандағы табысы өңірдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан кем болған жағдайда көмек алуға құқылы», – деді ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Айгүл Әпенова.

Әлеуметтің әлеуетін көтеру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – Президент тапсырмасының бірі. Осы мақсатта министрлік бірнеше жоба әзірлепті. Жұмыспен қамтудың Жол картасы да бұған негіз болып тұр. Жыл соңына дейін жарты млн тұрғынды тұрақты жұмысқа орналастыру көзделген.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» теларнасы