Жауапқа тартылып жатқандар – Қызылорда облысының жеті тұрғыны. Күдіктілер «жойылып кету қаупі төнген жануарларды заңсыз атты» деп айыпталуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үшеуіне «жасаған қылмыстарын жасыру үшін Нұрғалиевті өлтірді және тағы бір қорықшы Петр Ницыкты өлтірмек болды» деген айып қоса тағылған. Бүгінде үшеуі қамауда, төртеуі кепілмен босатылған. Негізгі үш күдікті өздеріне тағылған кінәні мойындамай отыр. Олардың қорғаушылары Ерлан Нұрғалиев соққыға жығылғаннан кейін ауруханада көз жұмды, кісі өлтіру әрекеті болмаған,-дегенді алға тартуда. Ал жәбірленуші тарап болса оқиға орнында адам өлтіру әрекеті болғанын айтып, оған дәлелдер келтіріп отыр. Сондай-ақ, дәрігерлердің медициналық сараптамасының да ескерілуін ұсынды.
«Ұялы телефонмен хабар берсе, бәлкім Ерлан Нұрғалиев тірі қалушы еді. Ол кісіге көмек берілер ме еді. Сосын әлгі қарақшылар датчик пен көліктің кілтін алып кеткен. Сонда бұларды әрі қарай мүмкіншіліксіз қалдырып отыр ғой. Нақты қасақана адам өлтіруге ниеттері болғандары анық», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Алмат ҚАСҚЫРБАЙ.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтар айында браконьерлер екі қорықшыға қарсылық танытып, шабуылдаған еді. Соның салдарынан қорықшы Ерлан Нұрғалиев ауруханада екі күн ес-түссіз жатып мерт болған еді.