«Ата жолы» картасын алуға 50 адам өтініш қалдырған

ашық дереккөз
ашық дереккөз
«Ата жолы» картасы азаматтарға 10 жылға беріледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде шетелдегі қандастарды қолдауға бағытталған «Ата жолы» картасы іске қосылды. Жеңілдетілген виза сыртта жүріп кәсіп ашқан және соны атажұртта жалғастырғысы келген азаматтарға арналған. Қазірдің өзінде қолдауды қажет ететін 50 адам өтініш қалдырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Егемендік алғалы атамекенін аңсап, атажұртқа асыққан көш тоқтаған емес. Соңғы 6 айда 8 мың 634 этникалық қазақ тарихи отанымен қауышқан. «Қандас» мәртебесінен бөлек, енді олар «Ата жолы» көмек картасын қоса ала алады. Карта шетелде тұратын отандастарымызға азаматтығын сақтай отырып беріледі. Мұндағы мақсат – олардың Қазақстандағы әлеуетін қалыптастырып қана қоймай, кәсіптің көзін тапқан іскер азаматтарды елге тарту.

– «Ата жолы» картасын алғаннан кейін, азаматтық алуға мүмкіндігі болады. Азаматтық алмағанша ҚР азаматымен бір деңгейде өмір сүріп, сұранысқа ие кәсіпте жұмыс істей алады, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің басқарма басшысы Дастан Айтқұлов.

«Ата жолы» картасы азаматтарға 10 жылға беріледі. Қазақ екенін растайтын құжат болмаса, үміткерге карта берілмейді. Сондай-ақ олардың мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға, сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ, мемлекеттік қызметке кіре алмайды.

– Елге  келіп жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Өзбекстаннан немесе басқа елден қандас келсе, абаттандыру, құрылыс сияқты салаларда жұмыс істетуі мүмкін. Экономикалық тұрғыдан пайдасы бар, – деді экономист, сарапшы Сапарбай Жұбаев.

Алдағы 4 жылда «Ата жолы» картасын 40 мың адам иеленеді. Құжатты алу үшін қандастарымыз жергілікті елшілікке барып, өтініш қалдыруы керек. Оларға ел азаматтарымен бірдей әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Ал «Ата жолы» картасының иесі Қазақстан азаматтығын алса, оның картасы жарамсыз деп танылады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Елімізде кітап пен кеңсе тауарлары қай өңірде қымбаттады

Новости партнеров