Агросекторда айтарлықтай өсім бар. Салада соңғы 11 айда жалпы өнім көлемі 8,2 трлн теңгеден асқан. Мал шаруашылығында өнім өндіру 3,3 пайызға өссе, азық-түлік өндірісі 1,9 пайызға көбейгенін көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Саланы дамыту Президент пәрменінен соң мықтап қолға алынды. Соңғы 11 айда негізгі капиталға салынған инвестиция 14,6 пайызда құраса, соның 11 пайызы агросектор еншісінде. Жолдауда жүктелген міндеттің бірі – дала еңбеккерлеріне жағдай жасау. Бұл мақсатта елдегі шаруаларға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы көп көмек болды. Қазынадан 40 млрд теңге бөлініп, 1053 комбайн мен трактор сатып алынды. Тағы 2,8 мың бірлік мал азығын жинау техникасы қолданысқа берілді.
– Салаға инвестиция тарту көлемі артып келеді. Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешенде 207 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 11 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында 855 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров
Биылғы жаз дала дихандары үшін оңай болған жоқ. Еккен егін, төккен тер толық ақталмады. Апталап жауған жауын салдарынан алқаптағы егін су астында қалып қойып жатты. Шығынға ұшыраған шаруаларды Үкімет назардан тыс қалдырмады. Ал Жамбыл облысында құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге 3,7 млрд теңгеден астам қаражат берілді. Нарықтағы бағадан 15 пайызға төмен дизель отыны жеткізілді. Ирригация жүйелерін жаңарту жұмыстары да келер жылы жалғасын табады.
– Елімізде 20-дан астам бөгеттер салыну мәселесі көтеріліп, бүкіл ирригация жүйелеріндегі қайта жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді. Басқа өңірлерді үлкен агроөнеркәсіп кешені ашылып жатыр. Құс, сүт фермалары іске қосылды. Бізде қазір ауыл шаруашылығы кооперативін құру мәселесі қарастырылып жатыр, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев
Президент Жолдауында саланы ғылымға сүйеніп дамытпаса, тоқырауға ұшырайтыны айтылды. Агроғылым дамыса, отандық шаруалардың жылда бас ауыртар біраз түйткілі шешімін табар еді. Ең алдымен қуаңшылық пен сапасыз тұқымға тәуелділіктен арылуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ бұл Қазақстанның агроөнеркәсіптегі әлеуетін толық игеруге жол ашады. Осылайша біз алдағы үш жыл ішінде өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу межесін орындаймыз.
Жайылымдық жердің жетіспеуі әлі де өткір мәселе. Үкімет биыл пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару шаруасын ширақ атқарды. Президент пәрменімен жыл басынан бері 4,6 млн гектар алқап қайтарылды. Енді бос жатқан жер телімдері туралы ақпарат ашық болады. Саладағы жемқорлықтың жолын кесуге бағытталған бұл бастама келер жылы да жалғасын таппақ.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығын қолдау, жаңа өндіріс: жыл қорытындысы қандай