Қарағанды облысында 100-ден астам жұмысшы 4 айдан бері жалақысын ала алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Павлодар облысынан таңмен таласа келген мыс өндіру зауытының жұмысшылары Қарағанды облысының еңбек инспекциясының алдына жиналды. Айтар шағымы көп. 4 айдан бері кен орнының басшылары жалақы бермей келеді. Оған қоса, медициналық сақтандыру мен зейнет жарнасы да аударылмаған. Құрғақ уәдеге әбден тойған жұмысшылар енді еңбек инспекциясына келіп, компания басшылығының үстінен шағым жазбақшы. Павлодар облысында орналасқан зауытта бүгінде жүзден астам адам әр өңірден келіп істейді.
«Жалақымды желтоқсан айынан бастан алған жоқпын. Медициналық сақтандыру мен зейнет жарнасын төлемейді. Жұмыстан шығып кеткен жігіттер бар, оларға да айлық әлі түскен жоқ», – деді компания қызметкері Бауыржан Оразалиев.
«Мен осы компанияға 16 қазанда келдім. Содан бері 6 ай өтті. 4 ай болды айлық алмадым, үйде бала-шағаның тамағы жоқ. Әділ шешім керек», – деді компания қызметкері Мамық Несіпбек.
«Айлықты дұрыс алып жатқан жоқпын. 2-3 ай кешіктіреді. Тек уәде беріп келеді» – деді компания қызметкері Мұрат Төлегенов.
Ал компания басшылары мыс өндіру зауытында шикізаттың жоғын айтады. Шикізат бітсе, жұмыс та жүрмейді. Компанияның жұмысшылар алдындағы қарызы 140 миллион теңгеден асқан. Осыған байланысты олар жұмыс орнын қысқартуды көздеп отыр. Қазір зауыттың 140-қа жуық жұмысшысына берешекті берудің амалын қарастырып жатыр.
«Қазір компания қиын жағдайды бастан кешіп отыр. Зауыттың жұмысын жаңартпақпыз. Жұмысшыларға желтоқсан айының жалақысын 25 наурызға дейін төлеп береміз. Ал қалғанын сәуір айында төлеп беруге тырысамыз»,– деді компанияның бас директоры Мұса Төлегенов.
Жұмысшылардың ұжымдық арызын еңбек инспекциясы бүгін қабылдап алды. Енді кезектен тыс тексеріс жүргізбек. Нәтижесіне байланысты тиісті шара қолданылады.
Диана Сапарқызы, Дастан Шайнин, «Алматы» телеарнасы, Қарағандыдан