Тілсіз жау: Тараздағы өрт сөндірушілер суға зәру

31.05.2024 00:20

Шаһардағы 2 мыңнан аса гидранттың 529-ы жарамсыз

Almaty.tv

Таразда өрт шықса, құтқарушылар су таппай сандалатын жағдайға жеткен. Себебі шаһардағы өрт гидранттарының төрттен бірі жарамсыз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аты бар да заты жоқ. Себебі шаһардағы 2 мыңнан аса гидранттың 529-ы жарамсыз. Бірі бітеліп қалса, енді бірінен мүлде су шықпайды. Бұл жағдай асыға өрт сөндіруге барған құтқарушыларға едәуір қиындық туғызып отыр.

– Өрт сөндіру көп қиындық туындайды. 200 метрден су тасудың өзі қиын, себебі  уақыт тапшы. Бұл – сусыз отырған аудандарда маңызды мәселе, – деді Жамбыл облыстық ТЖД бөлімінің бас маманы Қайрат Қойбақов.

Жамбылда жолдардың жаңаруы су құралдарына кесірін тигізеді. Тасжол төсегендер құдық қақпағын жылжытып, кей гидранттарды бітеп кететін болған. Ал базарларда өрт қауіпсіздігінің талаптары мүлдем сақталмаған. Қаланың негізгі 5 сауда алаңы орналасқан аумақта бір ғана жерден су алуға мүмкіндік бар. Салдарынан, екі ай бұрын «Омар ата» сауда орталығындағы өртті төтеншеліктер 5 сағатта әрең тоқтатқан. Жауаптылар жалынды сөндіру үшін жақын жерден тіршілік нәрін таппаған.

– Гидранттар пайдалануға берілген кезде, штогы жылжып кетіп жатады. Олар қоқысқа толады. Біздің тарапымыздан жиналыста қаралып, ақпараттық хат жолданады. Бірақ жұмыс баяу жүргізілуде, – деді Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әміров.

Төтеншеліктер «халық көп жиналатын нысандарда су құрылғылары міндетті түрде болуы керек» дейді. Бірақ кәсіп иелері «гидрантты су жүйесі қымбат, сондықтан оны жергілікті билік орнатсын» деп отыр. Ал әкімдіктегілердің айтуынша, ол – базар басшыларының міндеті. Ал коммуналдық меншікке қарасты гидранттың барлығы биыл ауыспақ.

– 17 миллион теңге бөлінген. Мердігер анықталып, 12 млн 700 мың теңгеге келісімшарт жасалды. Қыркүйекке дейін жұмыс аяқталады деп жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Облыс орталығындағы жарамсыз 529 гидранттың орнына жаңасы сатып алынған. Оған жергілікті бюджеттен 35 млн 845 мың теңге жұмсалды.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Тараз

Оқи отырыңыз: Жұмбақ өлім: мәйіті өзеннен табылған әйелдің туыстары күдіктілерді атады