Тілсіз жау: Түркістан облысындағы су басқан аумақтан 154 адам эвакуцияланды

 стоп-кадр из любительского видео
стоп-кадр из любительского видео
Облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесін су алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында қардың еруі мен жауын-шашынның көп түсуіне байланысты көшелер мен аулаларды су басты. Облыс әкімі шұғыл жиын өткізіп, жағдайды бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыста толассыз жауған жаңбыр мен қардың еруінен су деңгейі көтеріліп, 15 елдімекенді су алған. Ресми мәліметке сүйенсек, су басқан аумақтан 154 адам эвакуцияланған. Олардың арасында 93 бала бар.

Өңір басшысы болған жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді. Жиын барысында су тасқынының алдын алу жұмыстары мен тұрғындары құтқару шарасы пысықталды.

«Міндетті түрде су басқан аумақтан тұрғындарды эвакуция жасау керек. Өйткені, түнде жағдай қалай болатынын білмейміз ғой. Тұрғындарға ыстық тамақ ұйымдастыру керек», – деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Жетпісбаев

Қазір халықты уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды. Жаңбыр суын сору және су тасқынының алдын алу жұмысына 308 адам, 51 бірлік техника, 25 мотопомпа, 1 жүзу құралы жұмылдырылған. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, қазір облыста жауын-шашын тоқтаған.

«Қаратау жоталарында табиғи арналар бар. Барлығына нормадан жоғары су келіп жатыр. Осының әсерінен Шағадағы екі жыра арқылы келген су өз арнасына сыймай, елдімекенге кіріп, су басқан», – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.

Сондай-ақ облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесін су алған. Өңірде тұман мен көктайғақ болуына байланысты «Ұланбел-Созақ-Екпінді», «Шаян-Шолаққорған» тас жолдары уақытша жабылды. Жол сақшылары өңір тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керегін ескертті. Аса қажеттілік туындамаған жағдайға жолға шықпауға кеңес берді.

«Созақ ауданында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты бірқатар жол жабылды. Сондықтан облыс тұрғындары мен қонақтары жолға шықпағаны жөн. Созақ ауданына қарасты елдімекендерде ішкі тас жолдарда мұз-тайғақ болуына байланысты жылдамдықты асырмай, жол жүру ережесін сақтауды сұраймыз», – деді полиция департаментінің қызметкері Еркебұлан Әбдеш.

Еріген қар суынан Ордабасы ауданындағы «Найман» және «Құртай» каналдарында да су деңгейі көтеріліп, қазір Арыс өзеніне құйылып жатыр.

Мөлдір Ибадуллаева, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан


Новости партнеров