Қатарында бір үйдің екі баласы бар
Түркияда 198 сағаттан кейін тірі қалғандар табылып жатыр. Бүгін апаттың тоғызыншы күнінде үйінді астынан 3 адам құтқарылды. Қатарында бір үйдің екі баласы бар. Аман қалған ағайындылар ауруханаға жеткізіліп дәрігерлер бақылауына алынды. Жалпы, түрік еліндегі іздеу-құтқару жұмыстары таяу күндері аяқталмақ. Қазір құтқарушылардың негізгі бөлігі апаттан ең қатты зардап шеккен қос аймақ – Кахраманмараш пен Хатайға күш салып жатыр. Ал, қаза тапқандардың жалпы саны 31 мыңнан асып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Түркияда жер сілкінісінің салдары әлі жойылған жоқ. «Ғасыр апаты» атанған Кахраманмараш қаласында құрбандар саны күн санап көбейіп жатыр. Апат аймағынан 158 мың 165 тұрғын басқа провинцияларға көшірілген.Түрік елінің басшысы Режеп Ердоған зілзаладан зардап шеккен науқастарға арнайы барды. Стамбулдағы Башакшехир Чам мен Сакура ауруханасыдағы адамдармен кездесіп жағдайын сұрап білді. Түркия президенті жер сілкінісі кезінде өмір есігін ашқан нәрестенің құлағына азан шақырып, атын да қойды.
Науқастардың жағдайын білген түрік басшысы олардың тезірек сауығып қатарға қосылуы үшін барлық көмек көрсетілетінін жеткізді.
Айта кетсек, елде қазіргі таңда 800-ге жуық бала ауруханада жатыр. Кахраманмараш қаласында апат кезінде құтқарылған тағы 369 баланың дерегі анықталып отбасыларына табысталған. Аталған елдің отбасы істері және әлеуметтік қызметтер министрі мәліметінше, қазірге дейін 1362 адам қатерден аман қалған.
«Біз 1071 баланың жеке дерегін, кім екенін анықтадық. 300-ге жуық баланың дерегін анықтау жұмысы жалғасуда. Олардың барлығы тікелей мемлекет қорғауында. Қазіргі таңда ауруханаларда 800-ге жуық бала жатыр. Олар дәрігерлер бақылауында болады», – деді Түркияның отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі Дарья Яник.
Түркиядағы құтқарушылар бүгін апат өткен тоғызыншы тәулікте 3 адамды аман алып шықты. Қатарында бір үйдің қос ұлы бар. 17 жастағы Мухаммед пен ағасы Баки 198 сағат үйінді астында қалған.
Түркияның қоршаған ортаны қорғау және қала салу министрлігі мәліметінше, Нұрдағы қаласы қайта салынады. Зілзаладан ең көп зардап шеккен бұл шаһардағы ғимараттардың 80 пайызы жермен жексен болған. Арнайы құрылған комиссия 236 мыңнан астам нысанға тексеру жүргізіп жаңа салу туралы шешім шығарыпты.
Камшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы