Алматыда құрылысы тұралап қалған 34 нысан бар екен

16.08.2019 00:20

Бірде-бір құжаты жазылмаған ғимаратта түнде елес жүреді екен

Он жылдан аса уақыт бос тұрған нысандарды үйі жоқтар паналап, жабайы иттер қаптап алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қабанбай батыр мен Шагабудтинов көшелерінің қиылысындағы ғимараттың дәл осы қалпында тұрғанына 10 жылдан асқан. Тұрғындардың айтуынша, есігін сыммен байлап қойған нысанның ішін жабайы иттер паналайды. Ал түнде қасынан өту тіпті қорқынышты. Қаланың қақ ортасында тұрған нысаның сырты қоршалған. Бірде-бір құжаты жазылмаған ғимаратта түнде елестің жүретінін айтты тұрғындар. Сонымен қатар, үйі жоқтар да пана ететін көрінеді.    

«Менің осы жерде тұрғаныма 15 жылдай болды. Мына ғимарат сол уақыттан бері осы қалпында тұр. Ішін жабайы иттер жайлап алған», – деді бір ер азамат.  

«Осы маңда досымның үйі тұрады. Соған жиі келіп тұрам. Бұл ғимаратты дәл осы түрінде көріп жүргеніме екі жылдай уақыт болып қалды», – деді бір жас жігіт.  

«Бұл жерде менің сүйікті бильярдханам болған. 2002 жылы жабылып, құрылыс басталды. Бірақ, көп ұзамай тоқтап қалды. Содан бері осы күйінде тұр», – деді тағы бірі.

Ал, Абай даңғылы мен Тілендиев көшесінің қиылысында орналасқан ғимарат тіпті қорқынышты. Маңайдағы тұрғындардың сөзінше, 11 қабатты нысанда балалар ойнайды. Қаңғыған иттер мұнда да бар. Ал, қабырғаларында жазылған анайы сөздерден көз сүрінеді. 

 

«Мен бұл жерден 2010 жылдан бері құрылысшы көрген емеспін. Соңғы рет кранды әкетті, болды содан бері жым-жырт», – дейді маңайда тұратын тұрғын.

«Мен бұл жерден  балаларды сирек көремін, адамдар жүреді. Іші-сыртында сурет салынып тұрғанына қарағанда, демек адамдар кіреді», – деді тағы бірі.

Осы күні Алматыда толық тұрғызылмаған 34 нысан бар екен. 16 ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. 18-і тұралап қалған. Оларға инвестор табылмай жатыр дейді қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Әбділов.    

«18 құрылыс нысанының ішінде 5 құрылыс нысаны бүгінгі таңда аяқталғалы тұр. Тек есік-терезе, әрлеу жұмыстары қалғаны болмаса. Бітіп тұрған 5 құрылыс нысаны бар. Ол үш құрылыс нысаны мына Алмалы ауданында. Ал, 2 құрылыс нысаны Медеу ауданында», – деді Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқарма басшысының міндетін атқарушы Бақыт ӘБДІЛОВ.

Қала құрылысын бақылау басқармасы, толық салынып бітпеген нысандарды іске қосу мақсатында тынымсыз еңбек етудеміз дейді. Ол үшін мегаполиске келген инвесторларды ғимарат иесімен жолықтырып, келісімге келтіреді екен. Алайда, жеке меншік иесі нысанын нарықтағы бағадан қымбат сатқысы келеді. Бірақ, жалға беру ынтасы жоқ.

Өмір Әнуарбек, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы