Аю бар: Алматының Бутаковка шатқалынан скауттар лагері эвакуацияланды

Almaty.tv
Almaty.tv
Ұлттық парк өкілдерінің айтуынша, Бутаковка шатқалында 10 жылдан бері аю көрінбеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жабайы аңнан қауіп төнуі мүмкін. Алматының Бутаковка шатқалынан скауттар лагері эвакуацияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Лагерь қызметкері жақын маңайда мекендейтін аю адамдарға шабуылдай ма деп қорқады. Оның үстіне, демалыс орнына келушілер қатарында балалар көп.

Анна – скауттар лагерінің нұсқаушысы. Ол мұнда спортпен айналысуға келген балаларды жабайы ортада өмір сүруге үйретеді. Табиғатты аялап, жануарларға қамқор болуға баулиды. Анна өткен аптада жабайы аңның пайда болғанын айтады.

Демалып жүріп, аюдың ырылдаған дауысынан қорыққан скауттар түнімен көз ілмей, шатыр жанында от жағып отырдық дейді. Тіпті көмекке қорықшыларды шақыртыпты. Алайда аумақты барлап шыққан Ұлттық парк инспекторлары болған жағдайға күмән келтірген.

Маңайды тексеріп шыққан Ұлттық парк инспекторлары «қорыққанға қос көрінеді» дегенді алға тартты. Сөздерінше, қазір аңдардың көбейетін уақыты. Ал бейнежазбаға жазылған дыбыс еліктерден шыққан дейді.

«Шақыртуды бірден қабылдап, осында көтерілдік. Жақын маңайдың бәрін аралап шықтық. Бірақ ешқандай дауыс естімедік, ешқандай жануарды жолықтырмадық. Әріптестерім аңдардың ізін тексеріп шықты. Мен лагерьде, балалардың қасында қалдым», – деді Іле-Алатау ұлттық паркінің инспекторы Роман Абуев.

Ұлттық парк өкілдерінің айтуынша, Бутаковка шатқалында 10 жылдан бері аюлар көрінбеген. Өйткені мұнда туристер көп келеді.

«Менің білуімше, аю туристерге тиіспейді. Себебі олар адамдардан қорқады. Сондықтан қауіп жоқ деп есептеймін. Мұнда аю бар дегеннің өзінде, олар лагерьге жақындамайды», – деді Іле-Алатау ұлттық паркінің инспекторы Нұрбол Бейісов.

Қорықшылардың айтуынша, Іле-Алатау саябағында тас сусары мен сілеусін, барыс жиі кездеседі. Ал зоология институтының ғалымдары бүгінде Алматы тауларында 70-ке жуық Тянь-Шань аюы мекендейтінін алға тартып отыр. Ал лагерьдегі демалушылар әзірге шатқалға оралуды жоспарлап отырған жоқ.

Аяулым Көлжігіт, Максим Козлов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров