Хайуанаттардың нәжісін өзенге құйған - Ақтөбеге барған цирк ұжымына айыппұл салынды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазір цирк шатырын жинап, көшуге ыңғайланып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеге келген жылжымалы цирк хайуанаттарының нәжісін өзенге құйған. Бір ай бұрын ағайынды Гертнерлердің әйгілі шапито циркі қала орталығында шатырын ашты деп қуанған ақтөбеліктердің қуанышы осылайша ұзаққа бармады. Әртістердің бұл қылығы жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұндай келеңсіз оқиға Ақтөбеде бірінші рет болып отыр деген жергілікті жұрт, хайуанаттар циркі келгелі Сазды өзені арнасының ластанып кеткенін айтады. Онсыз да кеуіп кету қаупі бар су айдынына олар күнделікті жануарлардың нәжісін ағызып отырған. Қолқаны қабатын сасық иісін айтпағанда, бұл өзенге жаз бойы балалар шомалатынын айтқан жұрт алаңдап отыр.

– Жел тұрса, иіс тіпті шыдатпайды. Жануарлардың нәжісімен тыныстап отырмыз. Жай ғана иіс қой дейін десек, бұл хайуандардың қалдығын өзенге құйып жатқаны жанға батады, – деді қала тұрғыны.

Тұрғындар тиісті органдар «заңбұзушылыққа көз жұма қарап, тиісті шара қолдана алмай отыр» дейді. Қаланың қақ ортасына шатырын жайып, түрлі жануарды ұстауға кім рұқсат берген деген сауалға шенеуніктерден мардымды жауап болмағанын айтып, шағымданды. Ал экологтардың айтуынша, бұл мәселемен айналысу үшін міндетті түрде жазбаша шағым түсуі қажет.

– Қазір мораторий. Нақты заңды немесе жеке тұлғаның шағымынсыз ешқандай іс-шара қолдана алмаймыз. Нысанды тексермес бұрын құқықтық статистика органдарына тіркелуіміз қажет, – деді эколог Меруерт Сейітжапарова.

Әрине қалаға жылжымалы цирктің келуіне ешкімнің қарсылығы жоқ. Дегенмен жануарларды қорғаушы Татьяна Острецова «қаланың қақ ортасынан шатыр тігіп, 1 ай бойына аңдарды жағдайы жасалмаған жерде күтіп-баптаудың өзі дұрыс емес» дейді. Тіпті жануарды азаптау деген ол әрекетке заңнамалық деңгейде тыйым салу қажет деп санайды.

– Балалардың қоршаған ортамен цирк арқылы танысуы жақсы деп айта алмаймын. Қиналған, шаршаған жануарлардың түрін көріп, бала керісінше басқа сезімде болады. Оның үстіне, аңдар өнер көрсетуге үйретілу үшін қиын жағдайдан өтеді, – деді жануарларды қорғаушы Татьяна Острецова

Бұл жағдайға қатысты цирк әкімшілігі қандай да бір пікір білдіруден бас тартты. Ал полицейлер абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін оларға 100 мың теңге айыппұл салды. Билеті 10 мың теңгеге дейін сатылып, күн сайын аншлаг жинайтын цирк ұжымы үшін бұл түкке тұрғысыз ақша дейді тұрғындар. Есесіне өңір экологиясына зиян келді. Қазір цирк шатырын жинап, көшуге ыңғайланып жатыр.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе

Новости партнеров