Әлеуметтік желідегі жаңа жылдық «хайп» жасаушылар

31.12.2019 23:38

Әсіресе балабақшалардағы мерекелік ертеңгіліктерде болған жағдайлар еріксіз езу тартқызып жүр

Соңғы жылдары елден ерекшелену үшін адамдар әртүрлі әрекеттер жасап бейне жазбалары әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, талқылауға түсіп жатады. Немесе қазір оны «хайп» деп жүрміз. Әсіресе жаңа жыл қарсаңында балабақшалардағы мерекелік ертеңгіліктерде болған жағдайлар еріксіз езу тартқызып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Біреулер танымал болу үшін түрлі әрекетке барудан тайынбаса, 6 жастағы Нұрислам әлеуметтік желінің жұлдызы боламын деп тіпті ойламаса керек. Жаңа жылдық шырша мерекесіне полицейдің киімін киіп келген. Баланың ту сыртынан сүйсінгендер бірден желіге жүктеп жіберген. Осылайша кішкентай күтпеген жерден жұлдыз атанып шыға келді.

Тіпті баланың өзіне жарасымды қылығы мен тәртіп сақшысы болуға деген құштарлығына тәнті болған полицейлер өздерінің жұмыс орындарына саяхат жасатып, құр қол жібермеді. Ал ватсап желісінде кеңінен тараған мына балақайдың тәтті сөздері көпшілікті күлкіге қарық қылғаны рас.

«Бала тілі - бал» деген осы». Балдырғанның көңілі қалған кейбір аяз аталар да әп сәтте әлеуметтік желі жұлдыздарына айналып шыға келді.

Ал, қарағандылық кондуктор Ольга Егорова автобустың ішін ерекше безендіріп, жолаушылардың ыстық ықыласына бөленді. Оның бұл әрекетіне риза болған жеке компания екі кешкі көйлекті тарту етіпті. Міне, біз бүгін көптің назарына жақсы ісі мен қылығымен іліккендерді көрсеттік. Бастысы, кез келген адам хайпты жұрт алдында айыпты болып қалмай, абайлап жасаса екен деген тілек білдіргіміз келеді.