Жыл басынан бері қаладағы 392 ғимараттың пандусы талапқа сай емес екені анықталды
Алматыда жыл басынан бері 392 ғимараттың пандусы талапқа сай емес екені анықталды. Бірінің мүмкіндігі шектеулі жандар үшін көмекке шақыру қондырғысы істен шықса, енді бірінің есігі арбамен кіруге ыңғайсыз. Мұндай нысандарға тексеріс жүргізу мақсатында бүгін Медеу аудандық әкімдігі жанынан құрылған комиссия рейд жүргізді. Оның құрамында Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы мен «Nur Otan» партиясының өкілдері бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамандар бұл оқу ғимаратына осыдан үш ай бұрын келіп, тексеру жүргізген. Ол уақытта мүмкіндігі жектеулі жандарға арналған автокөлік тұрағы мен пандус атымен болмапты. Арнайы топ өкілдері соның нәтижесін көрмекке келді. Комиссияның сын-ескертпесінен кейін, мұнда жүйелі жұмыс жүргізілген дейді әкімдік өкілдері.
«Бүгінгі таңда Медеу ауданы бойынша денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары толық бейімдеуден өткен деп айтсақ болады. Олардың саны 360-ты құрайды», – деді Медеу ауданы әкімі аппараты әлеуметтік сала бөлімнің басшысы Сәкен Маралбаев.
Арбаға таңылғандардың ғимаратқа еркін кіріп-шығуы тек әлеуметтік орындарға ғана емес, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына да қатысты. Алдымен сол мекеме иесіне анықталған олқылықтар үшін ескерту жасалады. Олар уақытылы орындалмаса, айыппұл салынады екен.
«Жыл басынан бері 392 ғимараттағы пандустың талапқа сай емес екені анықталды. Бүгінге дейін оның 260-ы ескертулерді жойып, қайта бейімдеуден өтті. Мұны арнайы топ өкілдерінің нәтижелі жұмысы деп есептеуге болады», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы тең мүмкіндіктер бөлімінің бас маманы Айжан Баймұханбетова.
Ұлан Іңкәрбеков қаладағы әлеуметтік нысандар мен бірнеше мекемелерде арбамен кіріп-шығу үшін жағдай біршама жақсарғанын айтады. Десе де, әлі де шикіліктер жоқ емес дейді ол. Себебі, жекеменшік мердігер ұйымдары көпқабатты тұрғын үй саларда мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын ескерусіз қалдырады екен.
«Архитекторларымыз үйді саларда неге екенін, бірінші қабатқа 6 баспалдақ салып қояды. Оның өзі арбада отырған адамдарға үлкен кедергі. Егер өзінің үйінен шыға алмаса, ол адам қалай басқа шаруаларын атқара алады? Мүгедектерге арналған автобустар, инватакси түрлері шығып жатыр. Егер жай ғана үйінен шыға алмаса, ол игіліктердің біреуін де қолдана алмайды емес пе?», – деді Бостандық ауданы мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан Іңкәрбеков.
Айта кетейік, Алматыда бүгінде 53 917 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның 5 313-і – бірінші топтағы мүгедек. 24 пайызы – арбаға таңылғандар.
Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы