Коллекторлық агенттік тұтынушыны бопсалауға, тіл тигізуге, қауіп төндіруге, жалпы қорқытып үркітуге құқығы жоқ деді Ұлттық банк
Коллекторлық компаниялардың үстінен соңғы уақытта шағым көп түсе бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған қатысты бүгін Ұлттық банк екінші деңгейлі қаржы институтында берешегі барларға мынадай кеңес айтты. Әуелі банктер талап ету құқығын банктік қарыз шарты бойынша 90 күннен астам, ал жеке тұлғаның ипотекалық қарызы бойынша 180 күннен астам төлемнің мерзімін өткізу болған кезде беруге құқылы. Ал бей-берекет түнгі уақытта борышкердің телефон нөміріне қоңырау шалуға компанияның ешқандай құқығы жоқ.
Нақтырақ айтсақ, жұмыс күндері сағат таңғы 8.00-ден кешкі 21.00-ге дейінгі кезеңде 3 реттен артық хабарласуға болмайды.
Сондай-ақ, коллекторлық агенттік тұтынушыны бопсалауға, тіл тигізуге, қауіп төндіруге, жалпы қорқытып үркітуге құқығы жоқ. Егер коллекторлық агенттіктер сіздің құқықтарыңызды бұзса, Ұлттық банкке немесе оның аумақтық филиалдарына шағым қалдыра аласыз.