Алматыда әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің құрамы бас қосты

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Қазіргі таңда елімізде 690 мың зағип жандар мекендесе, соның 90 мыңы балалар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мүгедектердің мәселесі – басты назарда. Бүгін Алматыда әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің құрамы бас қосты. Отырысқа кеңестің төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған мүшелері қатысып, зағип жандардың негізгі түйткілдерін талқылап, кембағал жандардың ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бердібек Сапарбаев отырыстың алдында оңалтуға арналған техникалық құралдардың көрмесін қарап шықты. Отандық кәсіпкерлердің шығарып жатқан өнімдеріне оң бағасын беріп, әлі де санын арттыруды тапсырды. Себебі, шет елден келетін құрылғылардың саны басым, бағасы қымбат. Бұл бастаманы зағип жандарда бірауыздан мақұлдай кетті.

«Тактилдік, басқа нәрселерді өзімізде шығарып жатыр. Енді бізде қиыны қол арба дейді. Ол өте қиын. Миллиметрге дейін. Былай жасаған нәрселердің көбісін өзімізде шығара бастады», - дейді Алматы қалалық мүгедектер қоғамы басқармасының төрағасы Әли АМАНБАЕВ.

Ал, зағиптардың зығырданын қайнататын бір мәселе – шетелден келетін гаджеттер мен смартфондардың қазақша сөйлемеуі. Оны мемлекеттің қыруар қаражатын жұмсап бағдарлама орнатқанша, смартфон шығарушы компаниялардан біздің құзырлы орындар қазақша сайрауын талап етуі тиіс дейді.  Бұл қазына қаржысын үнемдейді, екінші біз үшін де зор көмек деген пікір айтты.

«Мысалы, сағатты айтып тұрды. Осы бағдарлама өзімен бірге жүр. Орыстың тілін енгізіп сөйлетіп қойды. Ал неге Қазақстанда қазақша сөйлемейді бұл? Қазір мына телефонды сөйлету үшін қосымша бағдарлама қондырамыз. Ол бәлен мың ақша тұрады. Мемлекеттің осыны сөйлету үшін жұмсаған ақшасы 10 миллиардтан асады», - деді «Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігінің төрағасы Алмат НАУРЫЗБАЕВ.

Шара соңында Бердібек Сапарбаев орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға  жоспардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және мүгедектердің экономикалық белсенділігі үшін жағдай жасау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Отырыс мүшелеріне жан-жақты бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана нәтиже болатынын жеткізді.

«Егер біз ашық әрі таза, жемқорлыққа жол бермей жұмыс істесек зағип жандардың мұқтаждықтарын қанағаттандырамыз. Олай істемеген жағдайда былықтан басымыз арылмайды. Тағыда қайталап айтамын, егер біз жұмылып, бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана оң нәтижеге қол жеткізетін боламыз», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ.

Қазіргі таңда елімізде 690 мың зағип жандар мекендесе, соның 90 мыңы балалар. Жалпы жұмысқы жарамдысы 67 пайыз болса, өкінішке орай солардың тек 28 пайызы ғана жұмыспен қамтылып отыр. Алдағы уақытта жұмыс беруші мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, кембағал жандарды жұмыспен қамтуға кеңес мүшелері барынша күш салмақ. Одан бөлек Бердібек Сапарбаев мүмкіндігі шектеулі балалардың тағдырын тоғыстырған «АРДИ» орталығына бас сұқты. Жеткіншектердің тыныс-тіршілігімен танысып, балаларға қашанда қолдау болатынын жеткізді.

Қуан Нұрақын, Нұржан Оразбеков «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров