|
22.12.2022 | 18:39
746

2024 жылдан бастап сән-салтанат салығы туралы норма күшіне енеді

Әлібек Қуантыров бір адамның атында бірнеше жылжымайтын мүлік тіркелген болса, сол азаматқа да қосымша салық енгізуді көздеп отыр

2024 жылдан бастап сән-салтанат салығы туралы норма күшіне енеді freepik

Сән-салтанат салығы байлығы асып-тасып тұрған бай-бағландарға салынады. Әлібек Қуантыров бір адамның атында бірнеше жылжымайтын мүлік тіркелген болса, сол азаматқа да қосымша салық енгізуді көздеп отыр екен. Бұл заң жобасы келесі жылы пысықталып, 2024 жылы күшіне енуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Сенат отырысында қалтасы қампиғандарға салынатын салықтан бөлек, орманшылардың жағдайы сөз болды. Сенатор Айгүл Қапбарова олардың жалақысын 100 пайыз көтеру керек дейді. Депутаттың айтуынша, қазір орманшылардың орташа жалақысы 100 мың теңге болса, ормандағы өрт сөндірушілердің айлығы 60 мың теңгеден аспайды екен. Сонымен қатар, Сенатор су цистернасы бар автокөліктің тым алыс болуына байланысты мамандар өрт ошағына уақытында жете алмайды дейді. Қазіргі заманғы әуе құралдарының болмауы, қызметтік көлікпен, арнайы киіммен толық қамтамасыз етілмеу мәселелері орманшылардың жұмысын қиындатады екен.

«Өрттен дер кезінде қорғау мақсатында орман қорларына жақын аумаққа қосымша мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерін ашуды ұсынамыз. Сонымен бірге, саланың материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін оларды нормативке сәйкестендіру үшін алдағы 3 жылда 100 пайыз қамтамасыз етуді облыстық және республикалық деңгейдегі барлық мекемелерде еңбек ететін мамандардың жалақысын кем дегенде екі есеге арттыруды көздейтін кешенді шаралар қабылдауды сұраймыз», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Айгүл Қапбарова.

Сенат депутаттары бүгін сондай-ақ, «Агломерацияларды дамыту» туралы заңды қабылдады. Құжатта өңір әкімдіктеріне қосымша 25 өкілеттік беріледі деп жазылған. Яғни, орталық қала мен іргелес облыстардың әкімдіктері агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге, тиісті келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатысатын болады. Сондай-ақ әкімдіктер Жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге құқылы.

«Бұдан басқа, орталық қалалардың жергілікті атқарушы органдары қала маңы аймағын дамытудың Бас жоспарын іске асыру бойынша субъектілердің қызметін үйлестіреді. Бас жоспардың жобасын әзірлеуді ұйымдастырады, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің жобаларына келісім береді», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Министрдің сөзінше, заң қала мен облыс әкімдігі бірігіп, шеткі аудандарды дамытуға септігін тигізеді. Айта кетейік, соңғы 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59 пайызға, Алматы қаласының халқы 37 пайызға, ал Шымкент халқы 67 пайызға өскен. Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе кеңейсе, Алматы қаласының аумағы соңғы он жылда 2 жарым есе, ал Шымкенттің аумағы 3 жарым есеге өсіпті.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

салық
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир