Алматының Алатау ауданында 360 пәтер тапсырылмақ

09.08.2020 01:01

Былтыр мемлекеттік бағдарлама арқылы 2200 отбасы баспаналы болған

Almaty.tv

Алматы қаласындағы 50 отбасыға жаңа пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Алатау ауданында 360 пәтер тапсырылуға дайын. Олардың алғашқы легі баспанаға «Нұрлы жер» бағдарламасымен қол жеткізді. Тұрғын үйдің үстемақысы бір жылға 5 пайыз. Пәтерлердің  жалпы аумағы 65 шаршы метрден басталып, 85 шаршы метрге дейін барады. Салымшылар алғашқы жарна 20 пайызды жинауы қажет. Пәтер кілтін иеленгендердің ішінде мемлекеттік қызметкерлер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар бар.   
«Барлығы 360 пәтер дайын. Оның 300-і құжаттарын рәсімдеп, пәтерін алуға сақадай-сай. Ауданнан тұрғындарға 2-3 бөлмелі пәтерлер табысталып жатыр. Бағдарламаның негізі талабы – тұрғын үй алушының тұрақты жұмысы болуы керек. Ай сайынғы төлем 100 мың теңге көлемінде болады»,  дейді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Әбдішүкірұлы.


Арман Мұратқабылдың бүгін қуанышында шек жоқ. Логистика саласының маманы 4 жыл бойы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» ақша жинаған. Қазір 1 қызы бар. Жас отбасы Алатау ауданынан су жаңа 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Мұратқабылдар отбасы карантинге байланысты әзірге қоныс тойын тойлап, үйіне қонақ шақыра алмайды. Туыстары онлайн құттықтап жатқанын айтады. 


«Бұл үйге біз 4 жарым жыл депозитке ақша салып алдық. Осындай үйге қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Барлық отбасыға осындай үй бұйырсын деп тілейміз. Көңіл күй өте керемет», – дейді қала тұрғыны.
Былтыр мемлекеттік бағдарлама арқылы 2200 отбасы баспаналы болған. Ал, биыл республикалық «Бақытты отбасы» арқылы 367, қалалық «Алматы жастары» бағдарламасымен мың пәтер және «Нұрлы жер» бағдарламасымен 360 отбасына жыл соңына дейін пәтер кілті табысталады деп жоспарланып отыр.