Алатау ауданының 65 тас қараңғы көшесі биылдан қалмай жарықтандырылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгінде ауданындағы 730 көшенің тең жартысы жарықтандырылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алатау ауданында қараңғы қапаста қалған 65 көше жыл аяғына дейін жарықтандырылмақ. Бүгінде 158 көшенің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Қазіргі таңда аудан кешкі уақытта 50 пайызға ғана жарқырап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Әйгерім-2» шағынауданындағы Бұғыты көшесі талай жылдан бері тас қараңғы болып тұр. Бұл жерде тек жарықтандыру ғана емес, жол да жасалмаған. Қараңғы қапаста қалған тұрғындар телефон жарығынсыз жүруден қалған. Соқыраңдап жүріп шұрық-тесік жолда талай адам жарақат алып та қалды дейді.  

«Жарықтың жоқтығынан көліктің жарығы да көрінбей қалады. Осы жерде жоқ дегенде 10 шақты адам мүгедек болды. Осының бәрі жолдарды дұрыс жасамағанның кесірінен. Себебі олар батпақтан қашып, тас жолға шығып алады», – дейді Ғалия АБУЛХАТИНА.

«Ата-аналар балаларын мектепке көлікпен апаруға мәжбүр. Өйткені жол ған, жарық жоқ.  Балалардың көбі құлап жатады», – дейді Жайық МҰХТАРОВ.

Алатау ауданындағы Карпатская көшесінде де жағдай осыған ұқсас. Жолда ерсілі-қарсылы ағылған көліктер қараңғыда адамды таптап кететіндей дейді ашынған жұрт. Әсіресе, олар мектептен кеш шығатын балалары үшін алаңдайды.  

«Күзде жаңа оқу маусымы басталады. Ата-аналар балаларын бірге ертіп жүреді. Жарықсыз көшеде өздерін жалғыз жіберуге қорқады. Осы көше бойында балабақша бар. Карпатская көшесімен қиыласатын бірнеше көшеде жарық бар. Ал бұл көше жарық бағандарымен қамтылмай отыр», – деді Ольга КАШАРНАЯ.

Жыл соңына дейін ауданда 65 көше жарықтандырылмақ. Оның ішінде «Әйгерім-2» шағынауданындағы Бұғыты және Карпатская көшелері де бар. Одан бөлек, «Шаңырақ», «Әйгерім» және «Боралдай» шағынаудандарында да көше шамдары қойылады.

«Қазіргі таңда 158 көшеде жобалау-сметалық құжаттамалары бар. Оның 65-іне 2019 жылдың соңына дейін көше шамдары орнатылады. Және де 146 көшеге тас жол төсеу жұмыстары мен кешенді түрде шамдар және арық жүйелері орнатылады. Қалған жарықтандырылмаған 159 көшенің тізімі дайындалып, оларға жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау үшін. Энерготиімділік және инфроқұрылымдық даму басқармасына өтінім берілді», – дейді Алматы қаласы Алатау ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан МЫРЗАТАЙ.

Айта кетейік, Алатау ауданындағы 730 көшенің тең жартысы жарықтандырылған. Жарық бағандарын орнату жұмысы келесі аптада басталмақ.

Перизат Көмекбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров