Арыс тұрғындары ертең үйлеріне қайтады

27.06.2019 23:39

Қаланы 43 саперлік топ түгел тексеріп, 6000-ға жуық жарылғыш зат жинапты

Арыс тұрғындары Шымкенттен үйлеріне ертең, яғни 28 маусым күні қайтады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев осылай мәлімдеді. Шымкенттен таңғы сағат 06.00-де шыққан арнайы автобустар таңғы сағат 08.00-де Арыс қаласының қақпасына келіп кіреді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Демек, таңға дейін Арыс көшелері артиллериялық снарядтардан толық тазартылып бітеді. Бүгін қорада қараусыз қамалып қалған мал-жайына алаңдаған адамдар арнайы бекеттерден өте алмай, топырлап тұрған көрінеді.

«Қамалып қалған малым өлетін болды ғой», – деп шырылдайды бір қария.

Ал бір жігіт танысының 4,5 миллион теңгесі ұрланғанын айтады.

«Лагерьге жіберейін десем, немерелерімнің құжатын ала алмай тұрмын», – дейді тағы бір қария.

Бәрінен де бұрын Орынхан атаныкі ерлік: ауласына бір емес, екі снаряд құласа да, соғыс көрген қария немерелерін жертөлеге, кейін жұртпен бірге Шымкенттегі қоныстану орталығына жөнелткен. Арыстан 10 шақырым қашықтықта тұратын ақсақал бүгінде үй ішін ағарғанмен қамтамасыз етіп отырған үш сиырының бірін таппай қалғанын айтады.

Снаряд түскен бірнеше дүкен түгелдей өртеніп кеткен. Күлі ғана қалған сауда үйіне қанша жарылғыш зат түскені белгісіз. Жапсарласа салынған тұрғын үйлердің де сау-тамтығы қалмаған.

Жарылыстың толқынынан Халыққа қызмет көрсету орталығының да талқаны шығыпты. Куәгерлер құжатқа келген халықтың арасында талып қалып, қашуға күші келмей қалған жандардың да болғанын айтады. 

Базарда жиналмай шашылған күйі қалған қауын-қарбыз бен көкөністер әлі жатыр. Қанша жерден күн көріс, үй ішін асырау үшін сатылып жатқан тауар болса да, амал жоқ, мына жағдайдан кейін олардың барлығы түгелдей жойылуға тиіс. Бүгінге дейін 400-ден астам адамы бар 43 саперлік топ темір жолдар мен станцияларды тексеріп, 6000-ға жуық жарылғыш зат жинапты. Сондай-ақ бас-аяғы 3-4 күнде қаурыт желіге 15 мыңнан астам қоңырау түссе, 277 адам дәрігердің көмегіне жүгініп, 74 адам ауруханада жатыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы