Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілері тапшы. Қазір қаладағы автобустарға шамамен 500-ден астам жүргізуші жетпейді. Сондықтан, олардың санын көбейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаһардағы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне өзгерістер енгізіліп, қоғамдық көлік жүргізушілерін даярлауға басымдық берілмек. Бұл туралы бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.
Алматыда қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындардың қатары жыл санап артып келеді. Қала тұрғындары жолаушылар көлігіне жұмыс күндері 1 млн-нан астам рет отырады екен. Сәйкесінше, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы да мінсіз болуы тиіс. Мұны шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қадап айтты. Бүгінде алып шаһардың автопаркі 80 пайызға жаңартылған. Ал жыл соңына дейін тағы 416 автобус сатып алу жоспарлануда. Соның арқасында шаһардың қоғамдық көліктері толықтай жаңартылмақ. Бірақ, сол автобустарға жүргізушілердің жоқтығы қиындық туғызып отыр.
«Бізде мысалы, автопарктерде 3000-нан астам жүргізуші бар. Олардың 75 пайызында үй жоқ. Көп жүргізушілердің барлығы облыстан және Оңтүстік Қазақстан облысынан келген. Олардың арасында тіпті автобуста қонатындар да бар. Бұл – ең түйткілді мәселе. Мысалы бізде жүргізуші күніне 16-18 сағат жұмыс істейді. Содан кейін ол 2 күн демалады, оның орнына басқа жүргізуші келеді», – дейді Алматы қаласы мобилділік басқармасының басшысы Сағындық ТЕЛІБАЕВ.
«Автобуста қонатын жүргізушілер де бар дейді. Бұл сұмдық қой?!. Қалай біз ондай ұйқысы шала адамдарға жолаушылардың өмірін сеніп тапасыра аламыз? Ол қай жақта бар мәселе, қай жерден алдыңдар? Автобустың ішінде ұйықтайтын біздің «Алматыэлектротранс» жүргізушілері ме, жоқ жекеменшік парктердің жүргізушілері ме? Ондай жетекшілерді жазалау керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Қала әкімі бұл түйткілді шешуге бірден тапсырма берді. Өйткені, дұрыс тынықпаған жүргізуші өзінің ғана емес, жолаушылардың да басын қатерге тігіп, өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Осы тұста жауапты басқарма өкілдері қоғамдық көлік жүргізушілерін көбейту үшін, оларға қойылатын талапты жеңілдетуді сұрады.
«Қазір заң бойынша автобусты тізгіндеуге тек 25 жастан асқан, 5 жыл жүргізуші болып еңбек еткен және 28 орындық автобусты 3 жыл жүргізген адамға ғана рұқсат етіледі. Мұндай тәжірибелі тізгіншілерді табу өте қиын. Сондықтан, шағын автобусты 1 жыл жүргізген адамға қалада қоғамдық көлік жүргізуге рұқсат беру мәселесін қарастырсақ», – дейді Алматы қаласы мобилділік басқармасының басшысы Сағындық ТЕЛІБАЕВ.
Шағын автобусты тек 1 жыл жүргізген адамға көптеген жолаушылардың өмірін сеніп тапсыру жөнсіз екенін қадап айтқан әкім, қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қойды. Бақытжан Сағынтаев қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшылығын жою жолдарын 1 апта ішінде қарастыруды тапсырды.
«Бұл мәселемен жүйелі түрде айналысу қажет. Автобустарды жаңартып жатырмыз ба, демек жүргізушілерді ұмыт қалдырмауымыз керек. Егер бізде жүргізуші тапшы болса, демек біз оларды даярлап жатқан жоқпыз деген сөз. Қазір колледждердің қаншасы қоғамдық көлік жүргізушілерін дайындап жатыр? Оны ешкім білмейді. Сондықтан, Білім басқармасымен бірлесіп автопарк кадрларын оқыту мәселесін қарастыруды және бір апта ішінде бұл проблеманы нақты шешу жолын әзірлеуді тапсырамын», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Бұдан бөлек, қазір қалааралық автобустардың қатынасы да көңіл көншітпей тұр. Облыс аумағынан Алматыға күн сайын 600-ге жуық автобус адам тасиды екен. Бірақ қызмет сапасы сын көтермейді. Жекеменшікке тиесілі жолаушылар көлігінің барлығы әбден тозған, «Оңай» жүйесі орнатылмаған. Салдарынан, олардың табысын есептеу мүмкін болмай отыр. Сондықтан қала іргесіне қатынайтын автобустарды субсидия бөліп, жаңарту ұсынылды. Әрі «Оңай» жүйесін орнатып, диспетчер арқылы бақылау керектігі айтылды.
«Жеке тасымалдаушылар өздігінен автобустарын жаңартпайды. Олар көлік әбден қирап, тоқтап қалғанша адам тасымалдай береді. Сондықтан, қала ішінде жүретін автобустарды жаңартқан кезде, 2016-2017 жылғы автобустарды сол жаққа ауыстырып отыру керек. Бұл мысал ретінде ғана айтылды. Бір аптадан кейін қалааралық тасымалдаушылардың жұмысын жүйелеудің нақты жоспарын көрсететін ұсыныс күтемін сіздерден», – деді Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Ал қаладағы троллейбустардың жүрісін жеделдету үшін, олардың кабельдік желілерін жаңарту жоспарланған. Аталған қоғамдық көлік сымының қазір 60 пайызы ескіріпті. Соның кесірінен троллейбустардың тоғынан ажырап, орта жолда тұралап қалуы жиілеген.
«Бүгінде троллейбус желілерін жаңартуға 300 млн теңге бөлінді. Биыл Тимирязев көшесіндегі сымдарды ауыстыруды бастаймыз. Оның ұзындығы 5,1 шақырымды құрайды. Бұл көшедегі желіде көп ақау анықталды», – деді Алматы қаласы Мобилділік басқармасының басшысы Сағындық ТЕЛІБАЕВ.
Алматылықтардың ең көп қолданатын қоғамдық көлік түрінің бірі - метро. Жерасты көлігін күніне 46 мың адам қолданады екен. Ал «Достық» пен «Сарыарқа» бекеттері қолданысқа берілсе, жолаушылар саны тіпті 86 мыңға дейін жетуі мүмкін. Қоғамдық көліктің бұл түрі тиімді болғандықтан вагон санын арттырып, «Қалқаман» бекетін салу қарастырылуда. Әкім бұл мақсаттағы жұмыстарды тағы да пысықтап, конкурстық жұмысты жасауға қаржы бөлуді тапсырды. Қазір қалада жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Маңызды тораптар салынып, жөнделетін көшелердің тізімі де бекітілді. Сондықтан, шаһар басшысы жасалып жатқан жұмыстар жайында тұрғындарға дер кезінде хабарлап, ақпарат тақтасын әзірлеуді міндеттеді.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы