Халық қатысатын бюджет: жобаға өтінім қабылдау жалғасып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Жүзеге асқан ірі жобаның бірі – Әуезов ауданындағы ерекше алаң
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы тұрғындары бюджетті тиімді игерудің төте жолын тапқандай. Олай дейтініміз, бір ғана Наурызбай ауданында 2019 жылдан бастап 107 жоба жүзеге асырылған екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұның барлығы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы жолға қойылыпты. Оның ішінде балалар алаңына басымдық беріліп, игерілмей жатқан жер телімі ел игілігіне ұсынылған. Ал Әуезов ауданында қалада қайталанбайтын тың идеялар да бұқараның бюджетке қатысуы арқылы қолдау тауып отыр.

Бұл – Наурызбай ауданыдағы бос жатқан жердің бұрынғы көрінісі. Қараусыз жердің қадірі қашып, игерілмей жатқаны анық көрінеді. Көп ұзамай көпшілік ұсынған идея арқылы бұл маңға балалар алаңы салынып, өзен жағасына жаяу жүргіншілер жолы түседі. Айналасы безендіріліп, бірнеше жерге жарық орнатылады. Сөйтіп әп-сәтте әдемі алаңға ұласады.

«Бұл жерде адам жүруден қорқатын еді. Қазір көріп тұрсыздар, керісінше адам үзілмейді», – деді тұрғын Әбдікерім Құнақұнов

200 адам жұмылып, 15 техника тынбай еңбек еткен жоба ел игілігіне берілгелі  жылға жуықтапты. Көрші аудан тұрғындары келіп, көңілін бөлетіндер де көбейген көрінеді. Ал жауапты мамандар жұрт ауызында жүрген жобаның бір парасы ғана деп топшылайды. Өйткені жоспар көп.

«Халықтың бюджетке қатысу бағдарламасы арқылы 2019 жылдан бері 107 жоба жүзеге асты. Бұл Наурызбай ауданында бой түзеген жаңа тың жобалар. Сонымен қатар жобаның бәріне халық өзі мұрындық болып, атсалысты», – деді Наурызбай ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Жандос Тәкібаев.

Халықтың бюджетке қатысуы арқылы жүзеге асқан ірі жобаның бірі – Әуезов ауданындағы ерекше алаң. Мұнда 990 шаршы метр болатын күрделі құрылыс түскен. Қаланың қарбаласынан бас сауғалаған ел, кешқұрым келіп спорттық жаттығуға ден қойып, экстрималды спортқа да қатыса алады.

«Ең алдымен халықтың ойындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған бағдарламаға болғаны қуантады. Бұған дейін де бірнеше тақырыпты, идеяны ұсындым, жүзеге асырдым», – деді тұрғын Юлья Жарокова.

«2022 жылы жөндеу жұмыстары басталған.  Жоба бірнеше кезеңнен тұрады.  Яғни, балаларға арналған спорт алаңы, халық демалатын орын. Балаларға арналған скейт саябғын саламыз», – деді  Әуезов ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Данияр Сапаш.

Айта кетейік «Халық қатысатын бюджет» орталыққа бағынатын қалалар мен облыс орталығына қатысты енгізілген еді. Азаматтардың нақты сұранысына сәйкес абаттандыру мен бау-бақшаны безендіру сынды жұмыстар жолға қойылды. Аталған маңызды қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында «халық қатысатын бюджет» табысқа жетер бірден-бір жол деп атап өткен.

Әлібек Шынтемір, Рашиддин Якупов, «Алматы» теларнасы


Новости партнеров