Мамандар полиция қызметі халыққа ашық болса, халықтың шағымы да азаятынын айтады
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жолдауындағы Ішкі істер министрлігіне пенитенциарлық мекемелер мен халықпен жұмыс жасайтын полиция бөлімшелерін үздіксіз бейнебақылауды қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Қазір барлық полиция бөлімшелерінде бейнебақылау жүйесін орнату бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде 16 658 камера орнатылатын болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ІІМ басшысының орынбасары Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, енді полиция қызметкерлерінің өзі де бейнебақылауда болады, олардың қызметі халыққа ашық болса, халықтың шағымы да азаяды.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне 34 мыңға жуықкамера орнатылады. Биыл бейнебақылаумен жұмыс істеу жағдайы ең қиын 29 мекеме қамтылып, қалған мекемелерде қашықтан бейнебақылаумен қамтамасыз ету жұмыстары 2023 жылы аяқталады.
«Қамау орындарында орнатылған барлық камералардың қорғау дәрежесі жоғары, оларды қолмен бұзу және зақымдау мүмкіндігін болдырмайды. Бейнебақылау камераларын орнату, ең алдымен, түрмедегі адамдардың құқықтарын, олардың қауіпсіздігін сақтауға және қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, сотталғандар тарапынан да, мекеме әкімшілігі тарапынан да болуы мүмкін құқықбұзушылықтардың алдын алудың бір амалы болмақ. Сотқа дейінгі іс жүргізу де автоматтандырылып жатыр.
2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қылмыстық іс-жүргізудің үш деңгейлі моделі енгізілуде. Жоба қылмыстық іс тіркелген сәттен бастап сотқа жіберілгенге дейін бүкіл қылмыстық процестің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұған дейін сотқа дейінгі тергеу жүргізетін полиция бөлімшелерінің қызметін автоматтандыруға олардың жабдықталмағандығы кедергі болды. Сондықтан қазір барлық қылмыстық істерді электронды форматқа көшіру үшін полиция заманға сай құрал-жабдықтармен жабдықталып жатыр», - деп атап өтті спикер.
Қазіргі уақытта 78,6% іс бойынша электронды форматта тергеу жүргізілуде.