|
30.06.2022 | 20:54
4950

Жетісу облысында есімдері елге мәлім екі тұлғаға ескерткіш орнатылды

Игі шараны жомарт жандар мен әкімдік бірлесе ұйымдастырған

Жетісу облысында есімдері елге мәлім екі тұлғаға ескерткіш орнатылды

Жетісу облысында есімдері елге мәлім екі тұлғаға ескерткіш орнатылды. Алғашқысы Ұлы Отан соғысының батыры Есмұрат Сиқымов болса, екінші мүсін академик Жүрімбек Сыдықовқа тиесілі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Игі шараны жомарт жандар мен әкімдік бірлесе ұйымдастырған. Кеңес одағының батыры Есмұрат Сиқымов – фашистерге қарсы аянбай соғысқан азаматтың бірі. Майданға дейін Қапалы кентіндегі учелищеде білім алса, екінші дүниежүзілік соғыста кіші сержант өзінің ерлігімен көзге түскен. 1943 жылы 360-атқыштар полкінің қатарында Посудово деревнясын жаудан азат етеді. Фашистердің оқша бораған оғынан жалғыз қалған Сиқымов жаудың автоматшылар взводымен екі сағаттан артық шайқасыпты. 60-тан аса жау әскерін жойған небәрі 21 жастағы Сиқымовтың өзіде осы ұрыста қаза табады.

«Ескерткіш тұрғаннан кейін қасынан өтіп бара жатқан оқушылар тұлғаларды көріп ойланады. Біреуі «Кеңес одағының батыры» десе, енді бірі  «біздің ауданнан, осы жақтан шыққан профессорымыз, академигіміз деп мақтан тұтады. Біз де сол кісі сияқты батыр болсақ» дейді», – деді меценат Молдияр Нұрбаев.

Екінші ескерткіш ғалым, академик Жүрімбек Сыдықовтың құрметіне қойылды. Ақсулықтар үшін ғана емес, күллі қазақ жұрты үшін Сыдықовтың сіңірген еңбегі зор. Геология-минералогия ғылымының докторы көп жылдар бойы Орталық, Батыс, Оңтүстік аймағында жер асты суларын іздеп, барлау жұмыстарымен айналысқан. Игі шараға шетелдік және отандық ғалымдар қатысып, құнды баяндамалар жасады.

«Балаларға үлгі болсын деп жолдасымыз екеуміз ескерткіш қойдық. Келешекте осы жас ұрпақ батыр болсын, елін қорғасын, жұртын қорғасын деген ниет», – деді кәсіпкер Алтынсара Нұрахметова.

Ресми іс-шараның соңы ұлттық спорт түрлерімен жалғасын тапты. Қазақ күресінен бос кілемге шыққан балуандар бас жүлде үшін күш сынасты. Құнан бәйге, аламан бәйгеде бақтарын сынау үшін Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарынан да атбегілер сәйгүліктерін баптап әкеліпті.

Ат спортының соңы кешке ауданның орталық алаңында гала концертпен жалғасты. Алматыдан арнайы шақырылған өнер жұлдыздары Жетісудың жұртын әнмен тербеді."Ұлы адамдар ескерткіштерінің тұғырын өздері орнатады, мүсінін болашақ соғады" деген. Сондықтан ел ағалары халық үшін қызмет еткен тұлғаларды кейінгі ұрпақ жадында сақтап, тағзым ету керек деп санайды.

Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир