Бастапқыда көпқабатты үйлердің жобалары алдын-ала тұрғындарға көрсетіліп, барлық жағдай жасалатыны айтылыпты
Наурызбай ауданына қарасты "Шұғыла" ықшамауданының бірқатар тұрғындары табиғи газға қол жеткізе алмай отырғандықтан, газ балондарын пайдалануға мәжбүр. «Алма сити» көпқабатты тұрғын үй кешеніндегі бұл мәселенің шешілмей тұрғанына біраз уақыт болыпты. Ал, тұрғындар болса, көгілдір отыннан бөлек, аталмыш кешеннің басқа да шикіліктері туралы айтып, шағымдануда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мына тұрғын үй кешеніндегі баспаналар 2019 жылдан бастап сатылымға берілген. Бастапқыда көпқабатты үйлердің жобалары алдын-ала тұрғындарға көрсетіліп, барлық жағдай жасалатыны айтылыпты. Ал, пәтер иелері көшіп келгеннен бері тұрғын үйлерде әлі күнге дейін табиғи газ қосылмағанын айтады. Соның салдарынан, олар қолдануға тыйым салынған газ баллондары мен электр плиталарын пайдалануға мәжбүр.
«Көршілер жиі үйлеріне газ баллондарын тасып жатқанын байқайсың. Бұл өте қауіпті. Ал, жауапты мүлік салушылар бізге табиғи газды қоспай отыр. Одан бөлек аулаға кіре-беріс жолдарда газ құбыры төмен орналасқандықтан бізге шұғыл қызмет көліктері де кіре алмайды. Жаңбыр, қар сулары өтетін құбыр суы үй іргесіне ағуда. Ал қоқыс жәшіктері мүлдем аз, тіпті олардың үстіне шатыр да орнатылмаған»,- деді Наурызбай ауданының тұрғыны, Әділ ДӘУЛЕТҰЛЫ.
Тұрғындардың осындай аянышты күй кешіп отырғанына бір жылдың жүзі болыпты. Ал, көгілдір отынды қосу үшін жауапты құрылыс компаниясының өкілдері тұрғындар саны 80 пайызға жету керек дейді.
«Газ мәселесінде жаңағы толықтай үйлерге адамдар кірмегендіктен, жалпы «ГазТранс» аймақтың, газ қосудың ережелері бойынша, 100 пайыз үйлердің барлығы заселённый болуы керек, үйлерде тұрғындар тұруы керек. Сондықтан, біз көріп тұрғандай, 100 пайыз адамдар әлі көшіп келген жоқ. 1-2 ай ішінде шешіліп қалады деп ойлаймыз»,- деді Құрылыс компаниясы директорының бас орынбасары Гүлнұр ӘБІШОВА.
Сондай-ақ, аулада құрылыс ережелеріне сай тұрғындарға жағдай толықтай жасалмаған көрінеді. Тіпті балалар арбасы мен мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп шығуы да ыңғайсыз. Тұрғындар шағымынан кейін қайтадан жасалған пандусқа мүгедектер арбасы сыймай қалыпты. Үй астындағы жертөлелер - балалар тегін ойнайтын алаң болады деген уәделері де орындалмаған.
«Пандус біздің подъезге әлі жасалған жоқ. Басқа жерлерге жасалған, бірақ ол ыңғайсыз. Ол жерге бәрібір коляскамен шығу мүмкін емес. Тем более, бізге баламен, коляскамен ауыр. Ал, мүгедек адамдар мүлдем шыға алмайды. Стандарт бойынша жасалмаған»,- деді Наурызбай ауданының тұрғыны Арай МОЛДАБАЕВА.
«Жертөленің барлығы балалар үшін жасалады деген. Ал, қазір міне, қарасаңыздар мына жертөленің барлығы сатылымда тұр. Яғни, ол туралы бізге ештеңе айтылып жатқан жоқ. Алдаған сияқты болып тұр да. Тұрғындардың барлығы автотұрақты сұрайды бірінші келген кезде. Өздеріңіз көрсеңіздер де болады, бізге сол жерде автотұрақ болады деген. Ал, ол жерге қазір үй салынып жатыр»,- деді Наурызбай ауданының тұрғыны Азамат ДУНБАЕВ.
Ол аздай, осыдан не бары жарты жыл бұрын ғана салынған балалар алаңы қазірдің өзінде тозып кеткен. Ал жауапты компания өкілдері аталмыш мәселелерді шешу ісінің қолға алынғанын айтады. Жаңбыр сулары ағатын құбырларды жалғау жұмыстары көктем айына дейін жасалып, көлік тұрақтары шілдеде тағы да толығатынын хабарлады.
«Мына, «отводы» дейді, жаңағы қосымша трубаларын жалғастырып, шығарамыз дұрыстап. Оның барлығы көктем айына дейін жасалады. Қосымша қазір мына 3-кезектегі үй салынып біткен кезде, тағы да қосымша көлік орындары болады. Ал, 3-кезектегі үй шілде айында бітеді, сол кезде ашылады. Дәл қазір жеткілікті. 60 пайыз тұрғындар деп жатырмыз ғой, көлік тұрақтарында кептеліс жоқ»,- деді Құрылыс компаниясы директорының бас орынбасары Гүлнұр ӘБІШОВА.
Қазіргі таңда ауладағы газ құбыры мәселесін Наурызбай ауданы әкімдігі қолға алған. Ал, жаңадан қолданысқа берілген тұрғын үйлер құрылысы әлі де жалғасып, тағы да 10 қабатты үйлер бой көтеруде.
Аяулым Көлжігіт, Қобылан Әлдиебеков, «Алматы» телеарнасы.