«Дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі мен Хатшылық отырысын абырой-бедел жинау үшін өткізбейміз. Бұл – қазақстандық даму жолының біртұтас ажырамас бөлігі». Елорадада өткен діндер басшылары съезі хатшылығының XIX отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Айтулы шараға 20 елден келген әлемдік діндер мен конфессияларалық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында бейбітшілік пен жалпыұлттық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алғанына назар аударды.
«Биыл біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы кезеңде бейбітшіліктің, жалпыұлттық бірлік пен конфессияаралық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған бұл бағдар өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасып келеді», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі әртүрлі дін өкілдері арасындағы татулық пен бейбітшілікті сақтау мақсатында ұйымдастырған съез әр 3 жылда бір рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Енді дін көшбасшыларының сьезі келесі жылы өтеді. Бүгінде Қазақстанның діни ынтымақтастық орнатуға қосқан үлесін әлем өкілдері жоғары бағалайды.
«Хатшылық талқылаған барлық сұрақтар барлық адамзат үшін өзекті һәм маңызды. Бірінші кезекте, Жаратқан сынақ ретінде жіберген пандемия, сондай-ақ жер бетінде ауа райының өзгеруі, балалар мен әйелдердің құқығын қорғау, экстремизм мен терроризм мәселелері ортаға салынды. Осыдан 18 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен ұйымдастырылған Дәстүрлі жіне әлемдік діндер съезі – өзінің өміршеңдігін дәлелдеді және бүгінде дүниежүзінде съездің абыройы асқақ», – деді Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-ул-Ислам Аллахшүкір Пашазаде.
«Біздің елімізде бірнеше дін конфессиялары, бірнеше ұлт тату-тәтті өмір сүріп келеді. Әрине, бұл жерде біз бірінші, Аллаға, сосын Тұңғыш-Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымызды айтқымыз келеді. Ерте осыдан бірнеше уақыт бұрын осын күндегі болатын жағдайды болжап, алдын ала дін көшбасшыларының басын қосу арқылы елімізге және әлемге ынтымағына осындай үлкен алаңды орнатып, оны бүгінгі күнге дейін дәстүрлі түрде өткізіп келе жатыр», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар хатшылық отырысында Ауғанстандағы ахуал, пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуы да әңгіме арқауына айналды. Дін шекпенін жамылып, саяси мақсатта пайдалануды доғару керектігі айтылды. Ксенофобия, исламофобия, христианофобия сияқты идеологиялық қауіптерді жоюдың жолдары қарастырылды.
Асылбек Тойбек «Алматы» телеарнасы