195 отбасы пәтер құжаттарын рәсімдеп, 44 отбасы тұрғын үй сертификаттарын алған
Алматыда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 12 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Қала әкімі Бауыржан Байбек Аналарға қолдау көрсететін алғашқы орталықта жаңа пәтердің кілтін табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазіргі кезде 195 көпбалалы отбасы банкте пәтер құжаттарын рәсімдеп жатыр, 44 отбасы сатып алу келісімін жасап, тұрғын үй сертификаттарын алған. Бұл отбасылардың барлығы пәтерді бір ай бойы baqytty-otbasy.kz порталына өтініш қалдырып, аталған бағдарлама арқылы алған.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бірінші мамырда келіп, жеке осы ғимаратты ашты. Бұл орталық көпбалалы аналарға қолдау көрсету бойынша ұзақ мерзімді жүйелі жұмыстар атқарады. Мұнда біздің аналарымызға бір терезе қағидаты бойынша көмек көрсетіледі», – дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Келіп түскен өтініштердің басым бөлігі 2016-2018 жылдары пәтер кезегіне тұрғандар. Баспана алу үшін кезекте 6-10 мыңыншы болып тұрған олар үйді 5-10 жылдан кейін әрең алатын шығармыз деп ойлаған. Алайда қалалық бағдарлама оларға жаңа пәтерді бүгін алуға мүмкіндік берді.
«Мен 9003-кезекте тұрдым. Ал «Бақытты отбасы» арқылы кезегім 11-ге бір-ақ қысқарды. Міне, бүгін үйдің кілтін алдым. Рахмет барлығына. Қала берді, 2-сыныпта оқитын қызым 5 мың теңге стипендияға ілікті», – дейді көпбалалы ана Ләйлә НҰРМАНОВА.
Алматыда үй кезегіндегі 1276 көпбалалы отбасылардың тең жартысынан көбі жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына өтініш берген. Қазіргі кезде 195 көпбалалы отбасы банкте пәтер құжаттарын рәсімдеп жатыр. 44 жанұя сатып алу келісімін жасап, тұрғын үй сертификаттарын алды.
«Бұл бағдарлама бойынша көпбалалы отбасылар алғашқы жарнасы 10 пайызбен, жылдық мөлшерлеме бағасы 2 пайызбен несие ала алады. Осы ретте Алматы қаласының әкімдігі «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінің атына 345 отбасының жолдамасын берді», – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Жанар ЖҰБАНИЯЗОВА.
«Алғашқы жарна ретінде бағдарламаға қатысатын азаматтарға 1 миллион теңге сертификаты беріледі. Қазіргі таңда 44-не берілді. 188-і рәсімделіп жатыр», – дейді Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Айбек САЙДІЛДАЕВ.
Ұл-қыздарын жаңа үйімен танысуға ертіп келген Бақыт бұл күнді ұзақ күткенін айтады. Жаңа үйінде жөндеу жұмыстарын аяқтаған соң, бірден көшіп кірмек.
«Көңіл-күйім өте жақсы. Қуаныштымын. 3 жыл бұрын кезекке тұрып едім, міне «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үйге жетіп жатырмыз. Пәтеріміз қаланың ортасында, мектебіміз бен бақшамыз да жақын. Қаланың барлық жағына автобустар қатынайды», – дейді үйлі болған Бақыт СЕРІМБЕКОВ.
Алматыда Елбасы тапсырмасымен тұрмысын оңалта алмай жүрген жандарға кешенді қолдау көрсетіліп жатыр. Оның 7 бағыты бар. Олар: тұрғын үй несиесі, жұмысқа орналастыру, білім алуға көмектесу, жыл сайынғы әлеуметтік және біржолғы төлемдер мен қайырымдылық ұйымы. 400-ден астам балдырған балабақшаға тегін баруда. 3 мың үздік оқушы мен студенттер жергілікті бюджет есебінен ай сайын стипендия алып жатыр.
Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы