|
17.07.2019 | 19:24
13056

Алматыда «Саялы» мен «Боралдайға» қатынайтын жаңа бағыт ашылады

Жергілікті жұрт бұл автобуспен Алматы-1 темір жол вокзалы мен әуежайға дейін барады

Алматыда «Саялы» мен «Боралдайға» қатынайтын жаңа бағыт ашылады Стопкадр Almaty.tv

Алматының Алатау ауданында «Саялы» шағын ауданы мен «Боралдай» кентінен қатынайтын жаңа автобус бағыты ашылмақ. Алғашқысы тұрғындардың өтініші бойынша Алматы-1 темір жол вокзалы мен халықаралық әуежайға дейін жолаушы тасымалдаса, екінші бағытта іске қосылатын қоғамдық көлік Орталық әмбебап дүкеніне қарай қатынайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Саялы» шағын ауданының тұрғындары үшін бірнеше қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Ол автобус жолаушыларды қаланың орталық бөлігіне тасымалдайды. Енді тұрғындардың өтініші бойынша жаңа бағыт іске қосылмақ. Жергілікті жұрт бұл автобуспен Алматы-1 темір жол вокзалы мен әуежайға дейін жүреді.

«Қазір вокзал мен әуежйға бірден жетпейміз. Алдымен «Саяхатқа» жетіп алу керек. Сосын басқасына ауысып мінеміз. Ал ол бізге айтарлықтай шығын. Егер әуежайға, вокзалға тікелей қатынайтын бағыт ашылса, жақсы болар еді», – дейді тұрғындар.

«Бізге вокзалға баратын қоғамдық көлік ауадай қажет. Қазір бір ғана автобуспен жете алмайсың. Екіншісіне ауысасың, үшіншіге отырасың,  ал ол өте ыңғайсыз», – дейді тағы бір тұрғын.

Боралдай кентінен жүретін жаңа қоғамдық көлік жолаушыларды  Орталық әмбебап дүкеніне жеткізеді. Бұл бағыт бойынша жылжымалы құрамның шамамен 15 бірлігі қызмет көрсетеді. Әр автобустың интервалы 10 минут. Сонымен қатар, жаңа аялдамалар да салынып жатыр. Биыл ауданда жолаушыларға қоғамдық көлікті күтуге арналған орын бой көтереді деп жоспарланып отыр. Жаңа бағыт бойынша өзге шағын аудан тұрғындарынан өтініштер бар дейді мамандар.

«Бізге қазір сұраныс «Шапағат» шағынауданынан түсіп жатыр. Өйткені ол жақта жолдары өте тар. Автобус сыймайды. «Байбесіккеә де көшенің тарлығына байланысты автобус кіргізе алмай отырмыз қазір», – дейді  Алматы қаласы Алатау ауданы кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бөлімінің басшысы Саттар ҚАЛДЫБАЕВ.

Қалада жолаушыларды тасылмалдайтын жүргізушілерді оқыту және дайындау ісі де мықтап қолға алынған. Осы мақсатта көлік мамандары біліктілік орталығы мен оқыту бөлімі ашылған. Мұндай орында өзінің білімін жетілдіріп жүргендердің бірі – Есбол Оразалиев. 25 жылдық тәжірибесі бар көлік жүргізушісі курсты тәмамдауға таяу.

«Автобус жүргізу өзіме ұнайды. Талай жылдан бері осы салада қызмет етіп келемін. Сол жлдар аралығында жол қозғалысы ережесіне өзгерістер енгізіледі. Жаңа белгілер пайда болып жатыр. Сондықтан мұндай орталықтардың бізге берері көп. Білімімізді жетілдіріп, біліктілікті арттыруға көмектеседі», – дейді автобус жүргізушісі Есбол ОРАЗАЛИЕВ.

«Жүргізушілер курсты толығымен аяқтаған соң, жұмыс істеп жүрген қоғамлық көлікті тізгіндеушілермен бірге жолға шығады. Сондықтан оның автобусытың жүретін бағытын жіті біліп алуы тиіс», – дейді «Алматыэлектротранс» ЖШС оқу бөлімінің нұсқаушысы Парман РАЗЯМОВ.

Біліктілік орталығы өз жұмысын 2016 жылы бастаған. Оның ашылуына қоғамдық көлік қызметіне көңілі толмайтын жолаушылардың арыз-шағымы түрткі болыпты. Бұл жерде оларды жол ережесін сақтауға, жолаушылармен мәдениетті сөйлесуге және алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйретеді.

«Бұл жерге келгенімізге бүгін үшінші күн. Үш күннің ішінде көп нәрсе үйрендік. Бұл жердің мұғалімдерінің барлығы білікті мамандар екен. Жұмыс кезінде жолаушылармен қалай сөйлесу керектігі жайлы психологтан жақсы сабақтар алдық», – дейді автобус жүргізушісі Марат ҚОШАҚАЕВ.

«2017 жылы енгізілген өзгерістер бойынша жүргізушілерге міндетті түрде ақпарат береміз, үйретеміз. Бүгінде көптеген жол белгілері өзгертілген. Жаңа жол таңбалары шыққан. Жаңадан енгізілген бағдаршам, жол қозғалысы жолақтары бар. Яғни, олардың барлығы халықаралық стандартқа сәйкес келе жатқан өзгеріс. Ал оларды білу – міндет», – дейді Көлік мамандары біліктілік орталығы директорының оқу ісі бойынша орынбасары Таймир ХАЛМЕТОВ.

Орталық бір айда 100 азаматты оқытады. Ал аяқтаған түлектер саны бүгінге дейін 1000-нан асып кеткен.

Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир