Үкімет Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын мақұлдады
Астана әкімдігі қала іргесінен келетіндер санын реттеудің жаңа ережесін енгізбек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Себебі, жыл сайын елорда тұрғындары 60 мыңға өсіп отыр. Күніне қалаға 200 мың адам кіріп шығып, шеттен келетін 30 мың көлік тіркеледі екен. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорда кіреберісіне арнайы логистикалық орталықтар салынатынын айтады. Яғни, шекараға келген азамат қоғамдық көлікке отырып, мегаполистің орталығына қарай бара алады.
«Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Қосшы сынды бағыттар бойынша агломерацияны дамытамыз. Яғни, осы жақтан келетін азаматтар өз көліктерімен шекараға дейін жетіп, қаланың ішіне арнайы қоғамдық көлікпен қатынайды. Мұндай тәжірибе әлемнің ірі қалаларында қолданылады. Біз жаңа ештеңе ойлап тауып жатқан жоқпыз», – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Бүгін Үкімет Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын мақұлдады. Премьер-министр Олжас Бектенов қала маңындағы ауылдардың сумен қамтамасыз ету, су бұру, электрмен жабдықтау, жол сапасы сияқты проблемаларын осы құжат шешу керек деді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Астана іргесіндегі тұрғындардың саны ресми көрсеткіштен әлдеқайда көп дейді.
«Мәселен, Қосшы қаласында ресми 52 мың тұрғын тіркелсе, шын мәнінде, ол жақта тұрып жатқан адамдардың саны 100 мыңнан асады. Осыған дейін даму жоспары белгілі бір адамдардың санына қарап бекітіліп келген еді. Оның дұрыс емес екенін Үкімет деңгейінде көтеріп, бүгін алдағы 4 жылға арналған даму жоспарын жасап алдық. Сол бойынша жұмыс істейміз», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.