Алматыда соңғы 10 күн ішінде коронавирус жұқтыру көрсеткіші екі есеге көбейген
Алматыда соңғы 10 күн ішінде коронавирус жұқтыру көрсеткіші екі есеге көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алып шаһарда да алдағы күндері карантин шаралары барынша күшейтіледі. Қалада сауда үйлері жабылып, базарлар және қоғамдық көлік жұмысын екі күнге тоқтатады. Бұған елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығы себеп. Сонымен, алдағы сенбі-жексенбі күндері қандай мекемелер жабылады?
Қазақстанда қауіпті дертке шалдыққандар саны күн санап артып келеді. Елімізде бір тәулік ішінде коронавируске 335 адам шалдыққан. Оған қоса, 656 науқастан аурудың симптомсыз түрі анықталды. Енді халықтың денсаулығы үшін алдағы сенбі-жексенбі, яғни 20-21 күндері ел көп жиналатын орындар жабылады.
«Жұмысы тоқтатылатын базарлар, тағам және тағам емес сататын базарлар оның қатарында сауда орын, сауда ойын сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері және фитнес орталықтар. Ашық алаңда, таза ауада отыратын, көшеде және ішінде отыратын қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы тоқтатылмайды», – деді қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.
Екі күнге саябақтар, өзен мен көлдердің жағалауы, аквапарктер, ойын алаңдары жабылып, баруға тыйым салынады. Жалпы Алматыда сенбі-жексенбі жұмыскерлердің үштен бір бөлігі жұмысқа шықпайды. Бұл – 150 мың адам үйде отырады деген сөз. Қалалық кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы бизнесмендер елдегі санэпидемилогиялық жағдайға түсіністікпен қарайды деді. Қалада екі күнде 21 ойын сауық кешені, 100 сауда үйі, 50 шақты базарда залалсыздандыру жасалады.
«Бұл – оңай шешім емес. Бірақ өздері бәрін түсініп отыр. Алдағы күндері дезинфекция жұмыстары жүреді», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Сондай-ақ, бұл күндері қала ішіндегі және сыртындағы қоғамдық көліктің де жұмысы толықтай тоқтайды. Алматыда демалыс күндері тек такси қызметін пайдалануға болады. Таксопарктер барлық сақтық шараларын сақтап, тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл уақытта автобустар дезинфекциялаудан өтеді. Ал дүйсенбіден бастап қоғамдық көлік қайта жұмысқа кіріседі.
«Алматы қаласында көптеген мекемелердің жұмысына шектеулер енгізілді. Осыған орай комиссия шешімімен 20-21 маусым күндері Алматыдағы барлық қоғамдық көліктер оның ішінде қалалық және қала маршруттары, оның ішінде метрополитен жұмысы уақытша тоқтатылады. Дүйсенбіден бастап әдеттегідей таңғы сағат 06.00-дeн кешкі сағат 23.00-ге дейін жұмыс істейтін болады», – деді қалалық Мобилділік басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Әділов.
Қала билігі халықты үйде отыруыларын сұрайды. Ал Алматыда алдағы демалыс күндері полиция қызметінің жұмысы күшейеді. Ескерте кетейік, эпедемиологиялық талапты бұзған әр адам жеке жауап береді. Барлық сұрақтар бойынша Open Almaty-ның 1308 нөміріне хабарласуға болады.
Жадыра Омаржан, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы