Еңбек демалысына шыққанда төленетін сауықтыруға арналған жәрдемақы мөлшері де артады
Бұған дейін Алматыдағы бюджеттік сала мамандарының жалақысы шілде айынан бастап көтерілетіні хабарланған еді. Бұл тапсырманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінде Үкіметке тапсырған. Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шараны тездету туралы пәрмен берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматылық Әлиман Әжібаеваның педогогика саласында жұмыс істеп жүргеніне ширек ғасыр болған. Соңғы 15 жылда ол Алматы мектептерінде ұстаздық етеді. Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі бұл мамандықты бекер таңдамапты. Оның ата-анасы да мектепте педагог болған. «Педагог мәртебесі» заңы ұстаздар мерейін өсіріп, жұмысымызды оңтайландырары сөзсіз дейді ол. Барлық педагогтар секілді Әлиман да келесі айдан бастап жалақыларының өсетініне қуанып отыр.
«Шілде айында жоғарылайды деген мұғалімдердің жалақысы бір айға бері жылжып, маусым айынан басталады деді. Біз оған өте қуаныштымыз. Мұғалімдер ғана емес, жалпы қай сала мамандары болсын, әркім өз еңбегінің бағаланғанын жақсы көреді. Сондықтан еңбегімізді мемлекет бағалап, айлығымызды көтеріп жатқанына мұғалімдер қауымы атынан алғысымызды білдіреміз» – дейді Алматы қаласы № 200 мектеп-гимназиясының мұғалімі Әлиман ӘЖІБАЕВА.
Ал, Перизат Ералиева №15 қалалық емханада 10 жылға жуық уақыт қызмет етіп келеді. Айтуынша, жоғарғы оқу орнын тәмамдай салысымен осында келген. Қазір Перизат Ералиева учаскелік дәрігер. Науқастарды емханада қабылдағаннан бөлек, жедел-жәрдеммен шақыртуларға да барып, науқастарды қараймын дейді. Маусымнан бастап жалақыларының көбейетініне көңілін марқайып жүр.
«Осы маусымнан бастап жалақымыздың 20 пайызға өскенін Елбасымыздың өзі ескертіп айтты. Соған өте қуаныштымыз. Біздің еңбегімізді ескеріп, медицина саласында жүрген мамандарға мән бергеніне өте қуаныштымыз» , – дейді Алматы қаласы № 15 қалалық емханасының учаскелік дәрігері Перизат ЕРАЛИЕВА.
Еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары, жалақылар жұмыс өтіліне қарай жоғарылайды дейді. Бұдан басқа, бюджет саласы қызметкерлері кезекті еңбек демалысына шыққан кезде төленетін сауықтыруға арналған жәрдемақылардың да мөлшері артады.
«Азаматтық қызметшілердің айлық жалақылары еңбек өтіліне байланысты жоғарылайды, Арнайы коэфиценттер бар, сол коэфиценттерді базалық айлық ақыға көбейтіп, жалақы мөлшерін есептейміз», – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ішкі аудит департаментінің директоры Гүлнар ӘЛІМБЕКОВА.
Айта кетейік, биыл елімізде 1 миллионнан астам бюджеттік сала мамандарының жалақысы жоғарлайды. Әсіресе азаматтық, әлеуметтік және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үстемеленген айлық алады екен.
Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы