Жоба пилоттық режимде іске қосылған
Жеке сот орындаушыларының қызметін робот атқаруы мүмкін. Жоба әзірге Тараз қаласында пилоттық режимде іске қосылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тараз қаласының тұрғыны Найымбек Бағбанов осыдан бірнеше жыл бұрын салық төлемей, қарызға батқан. Сәйкесінше, салық комитеті органы борышкерден соманы өндіру үшін жеке сот орындаушыларына жүгінген. Нәтижесінде ер адам солардың қызметі арқылы қарызын артығымен өтепті.
– Негізі шамамен 20 мың теңгедей қарызым болған, сол соманы төледім. Одан бөлек, жеке сот сот орындаушылардың қызметі үшін тағы 10 мың теңге бердім. Яғни 50 пайызын сұрады. Енді ол кезде неліктен көп төледім деп бас қатырмадым. Кінәлі болдым. Менің ойымша, мұндай электронды жұмыс жүйесі болғаны жөн. Қос қолдап қолдаймын, – деді қала тұрғыны Найымбек Бағбанов.
Жаңа жоба көлемі 10 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын айыппұлдармен ғана жұмыс істейді. Жүйе толығымен автоматтандырылған. Робот талапты орындау қажеттігі туралы SMS хабарламаны өзі жөнелтеді. Төлем уақытылы жүргізілсе, атқарушылық іс артық шығынсыз тоқтатылады. Алғашқы 10 күннің ішінде робот 186 азаматқа хабарлама жіберген.
– Азаматтар 5 күн ішінде төлесе, айыппұл сол күннен бастап тоқтатылады. Төлемеген жағдайда 5 күннен кейін робот оны автоматты түрде атқарушылық іс жүргізу жүйесіне жібереді. Ол барабан міндетті түрде сот орындаушысына жібереді. Сот орындаушы әрі қарай қозғап, өзінің 25 пайыз еңбекақысын алады, – деді Жамбыл облыстық Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Аңдасов.
Айта кетейік, былтыр Жамбыл облысы тұрғындары айыппұл немесе салық бойынша жалпы 1 миллиард теңге қарыз болған. Оның 765 миллион теңгесі жеке сот орындаушыларының қызметі арқылы өтелген. Енді қолға алынған пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, роботтар елдің барлық өңірінде іске қосылады.
Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Антикор ескерту жүйесіне жұмсалатын шығынның орындылығын зерттей бастады