Құжат жобасын жария түрде талқылау 11 тамызға дейін жалғаспақ
Ұлттық экономика министрлігі қазір Президент жарлығына толықтырулар әзірлеп жатыр. Аталған құжатта бүгінге дейін кәсіпкерлерге беріліп отырған жеңілдік 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін созылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мораторийдің тағы 1 жылға ұзартылуы бизнес мүлдем тексерілмейді дегенді білдірмейді. Адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіріп, қоршаған ортаға қауіп төндіретін кәсіп болса, арнайы органдар тексеріс жүргізуге құқылы. Әрі бұл жағдайда тұтынушылардан арыз-шағым да қарастырылады.
«Қазіргі таңда кәсіпкерлердің басым бөлігі белгілі бір салада заң бұзуды емес, табыс табуды көздейді. Нарықтың дамығанына қарай бизнес өкілдеріне де сұраныс артты. Олардың құқығы мен мүддесін қорғау өте маңызды. Қолайлы жұмыс істеп ісін ілгерілетуге мемлекет күш салып отыр»,- дейді Қазақстан Кәсіпкерлер одағының басқарушы директоры Әсел Сокрупова.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, жаңа қағида кәсіп иелерінің жүктемесін азайтуға сеп болады. Артық шығындар да жойылады. Жеке тексеруді қоспағанда мемлекеттік органдардың 2 жыл аралықтағы жоспардан тыс тексеру тағайындау мүмкіндігін алып тастау көзделген. Жаңа заң жобасына сәйкес кәсіпкерлерді қағазбастылықтан арылтып, есеп беруде цифрландыруға басымдық берілмек.
«Жоспардан тыс тексерудің 8 негізі болады. Бесеуін қосу жоспарланып отыр. Қазіргі мораторийден негізгі ерекшелігі - жоспардан тыс тексеруді алып тастау»,- деп мәлімдеді ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті мемлекеттік бақылауды жетілдіру басқармасының басшысы Жарас Сұлтанбек.
Кәсіпкердің құқын қорғау арқылы бизнестің бағы ашылып, экономиканың өрісі кеңейе түседі дейді сарапшы. Десе де, қазір салада шаш ал десе, бас алатындар көбейген.
«Жәй ғана нақты тексеру өз алдына, одан бөлек әртүрлі органдар тексеріп кететіні бар. Жан-жақтан және де көпшілігі мемлекеттік органдар кеп тексерген кезде сыбайлас жемқорлық фактілері орын алады. Олар нақты сол мәселені шешу үшін емес, сол жерде табыс табу үшін жүреді. Мысалы, дүкендері бар азаматтардың айтуынша, олар мынау СЭС-ке, мынау салықтағыларға деп әрқайсысына ақша дайындап қояды»,- дейді экономист Мақсат Халық.
Шағын кәсіпкерлікті тексеруге мораторийдің ұзартылуы әзірге тек ұсыныс күйінде. Құжат жобасын жария түрде талқылау 11 тамызға дейін жалғаспақ.
Камшат Мухамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы