Үй ішінде сырт киіммен жүреміз: Ұлытау облысының тұрғындары жылуға зәру

23.02.2024 23:41

Қалада су жылытатын 4 қазандық бар

Almaty.tv

Бүрсең қаққан тұрғындар жылудың мардымды берілмейтініне наразы. Ұлытау облысында бірнеше күн қатарынан болған аяз тоңған тұрғындарды әбігерге салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлытау облысына қарасты Сәтбаев қаласының тұрғындары үй ішінде отырып жаурап жүр. «Коммуналдық қызметке төленетін ақы еселеп артса да, мардымды жылу жоқ» деген бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің иесі жылытқыш пешін үзбей қосады. Үсіп қалмауға әрекет еткен ел тоққа да еселеп ақша төлейді.

– Текке ақша төлеп отырмыз. Ең болмаса жылу жүйесін жөндемей ме? Үй ішінде сырт киіммен жүреміз, аяққа мәсі киеміз, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Найла Жәкенова.

Бұл – бір үйдің тұрғындарының шағымы емес. Қатар орналасқан өзге баспанада да осындай жағдай. Жылудың жоқтығын айтып жауаптыларға қоңырау шалған Мұстафа Қарабеков 1 аптадан бері еш әрекетсіз отырған мамандарға ренжулі.

– Жылдың басында жылу жүйесін айырбастаймыз деген. Ештеңе де өзгермеді. Бір апта бұрын слесарь шақырдық, әлі келген жоқ, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Мұстафа Қарабеков.

Сәтбаев қаласындағы Жылу энергетика кәсіпорнының директоры қалада су жылытатын 4 қазандық барын айтты. Оның үшеуі жұмыс істесе, біреуі резервте тұр.

– Жылу кесте бойынша ең жоғарғы температурамен беріліп жатыр. Жоба бойынша қазандық  5 ықшамауданға негізделіп салынған. Қала үлкейді, қосымша әлеуметтік нысандар салынды әрі қатты аязда температура түсіп кетеді, – деді Жылу энергетика кәсіпорнының директоры Жарқын Керімбеков.

Кәсіпорын директоры мәселе жаңа қазандық салынған кезде шешілетінін айтты. Ал оның қашан жүзеге асатынын белгісіз.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиза Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Көкшетауда ХҚКО қызметкері көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан