12 туындының ішінен қазылар алқасы лайықтыларын үздік деп таңдамақ. Олар 5 номинация бойынша марапатталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Республика сарайының алдында өткендегідей қызыл кілем төселіп, оның бойымен жұлдыздар мен әртістер жүріп өтті. Жеңімпаздардың есімі халықаралық фестивальдің жабылу салтанатында белгілі болады. Бір апта бойы көрермендер мен қазылар алқасының назарына 12 кинотуынды ұсынылды. Кинофестивальді танымал режиссер Ким Ки Дуктың «Растворяться» туындысы мен жапондық режиссер Киеси Куросаваның «Конец путешествия, начало мира» фильмі аяқтады.
Екінші рет өткізіліп жатқан фестиваль Қазақстан киноөндірісін дамытуына елеулі септігін тигізері сөзсіз. Еліміздің мәдени астанасы Алматы қаласын Орталық Азия өңіріндегі ірі мәдени және саяхат орталығы ретінде, сонымен қатар әлемдік киноқауымдастығын Қазақстан киноөндірісінің жаңа мүмкіндіктерімен және артықшылықтарымен таныстыру фестивальдің басты мақсаты екенін бұған дейін де айттық. «Мәдениеттер жақындастығы» деген ұранмен өткен фестиваль аясында «Made in Almaty» атты сценариистер байқауы және Disney ТМД компаниясымен бірлесе өтетін отбасылық кино бағдарламасы мен конкурстан тыс фильмдер байқауы да ұйымдастырылды.