Almaty Invest форумының нәтижесінде бірнеше сәтті меморандумдарға қол қойылды

27.11.2019 23:42

Қалада жуық арада шетелдің қалталы кәсіпкерлерінің қолдауымен бірнеше нысан бой көтереді

Алматы - Орталық Азияның инвестициялық магниті. Қалада жуық арада шетелдің қалталы кәсіпкерлерінің қолдауымен бірнеше нысан бой көтереді. Оның қатарында, халыққа қажетті халықаралық 2 клиника, 3 мектеп және қос логистикалық орталық бар. Сәтті меморандумдарға қол қоюға Almaty Invest форумы себепші болды. Бүгін инвестициялық мүмкіндіктерді талқылап, іскерлік байланыс орнататын басты алаңға әлемнің 15 шақты елінен 700-ден астам делегат қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл осымен жетінші рет өткен «Almaty Invest» халықаралық инвестициялық форумы Алматы үшін тиімді келісімшарттармен есте қалады. Бүгін инвесторлармен түрлі саланы қамтитын 30-дан астам жобаға қол қойылды. Олардың жалпы құны 2 млрд АҚШ долларынан асып жығылады. Атап айтқанда, түрік компаниясы елді айнасы саналатын әуежайға терминал орнату үшін 150 миллион евро құяды. Сондай-ақ, алдағы 5 жылда жарты миллиард евро көлемінде қаражат салуды жоспарлап отыр. Халықаралық форумға келгендер бірауыздан Алматы инвестиция құюға тұрарлық қала деген пікірде.

«2 халықаралық клиника бойынша австриялық және кореялық инвесторлар бойынша 3 халықаралық мектеп, 2 логистикалық орталық ашылады. Және де фармацевтика саласында 3 жобамыз бар. Яғни, жалпы айтқан кезде Алматыға деген инвесторлардың қызығушылығы өте жоғары», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбай ТҰЯҚОВ.

«Форумға біз компанияның француздық серіктестерімізбен бірге келіп отырмыз. Менің ойымша, әрбір мемлекет үшін әуежай өте маңызды. Себебі, бұл қаланың бет-бейнесі, келбеті. Жаңа терминал құрылысы үшін инвестция салуға дайынбыз. Басты мақсатымыз - Алматы әуежайын әлемдік деңгейдегі  ұшақ тұрақтайтын үздік мекенге айналдыру»,  – деді Tav Airports Holding бас директоры Сани ШАНЕР

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев алдағы 5 жылда қалаға кем дегенде 19 мектеп пен 16 қосалқы нысан, 400-ге жуық мемлекеттік және жекеменшік балабақша және 30 медициналық мекеме салу қажет деді. Шаһар басшысы бұл халықтың өмір сапасын қамтамасыз ету үшін аса маңызды екенін алға тартып отыр. Жобаларды тиімді жүзеге асыруға бизнестің көмегі ауадай қажет. Сондықтан, Орталық Азиядағы ең табысты мегаполиске қаражат салуға шақырды. Оған қоса, Қазақстандағы ең үздік бизнес климат қалыптасқан Алматыда тұрғын үй мен жол құрылысы, демалыс және ойын-сауық нысандарына қаржы құю тиімді екенін жеткізді.

«Тұрғын үйді іске қосу көлемі жыл сайын ұлғаюда, қазір 2 млннан астам шаршы метрді құрайды. Халық санының көбеюін ескерсек, сапалы және қолжетімді тұрғын үйге деген қажеттілік қашанда сұраныста. Сондықтан, инженерлік инфрақұрылымды ескере отырып, ипотекадағы жеңілдікті мөлшерлемемен тұрғын үй саласына инвестициялауға болады. Бұл орайда, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шарты ең негізгі тетік дер едім. Құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндіру үшін Алматы индустриялық аймағы бар», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Форумда сөз сөйлеген қала басшысы Алматыны әлемнің түкпір-түкпірінен инвестиция мен таланттарды тарту үшін мәдени креативті қалаға айналдыруды ұсынды. Ол үшін 8 басты креативті индустрия анықталған. Оның қатарында, кино, музыка, әдебиет, театр, қала сәулеті, сән индустриясы және жаңа медиа салалары бар. Тіпті болашақта креативті индустрия паркін салу да көзделіп отыр. Оған қоса, жаңа Almaty Film Commission мекемесі құрылмақ. Бұл құрылым шетелдік және отандық кинокомпанияларға Алматыда түсірілім жасауға көмектеседі.

«Креативті экономика туралы айрықша атап өткем келеді. Бұл инвестия үшін жаңадан ашылған болашағы зор сала. Мәселен, дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сәйкес, бастауыш сынып оқушыларының 65 пайызы әлі пайда болмаған мамандықтар бойынша жұмыс істейтін болады. Ал жаңа мамандықтардың барлығы шығармашылықпен байланысты. Осы тұста Стив Джобстың бүгінгі күні әлемде идеялар ең құнды тауарға айналады деген еді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

«Әрбір аталған креативті бағыт бойынша ауқымды жұмыс істелетін болады. Стратегия қабылданып, әрқайсысы бойынша жол картасы жасалады. Басым бағыттары, дамыту жағын қарастыратын боламыз. Жаңадан органдар құрылады. Креативті технопарк бойынша қалада 2 локация анықталды. Біреуі қолөнер, сән, дизайн салаларын қамтитын болады», – деді  Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ернар ҚҰРМАШЕВ.

Алматы – Қазақстанның ірі экономикалық аймағы. Қала экономикасының көлемі - 12 трлн.теңгені немесе 35 млрд.долларды құрайды. Бұл - жалпы ішкі өнімнің бесінші және салықтардың төрттен бір бөлігі. Өмір сүру мен бизнестің қолайлы жағдайлары жасалған үлкен қала. Алматы инвестклимат бойынша да алдыңғы қатарда тұр. Оны шетелдік инвесторлар да растап отыр.

«Біз Алматыда денсаулық сақтау, айти технология, қаржылық жобаларды, туризмді саласында әріптестік қарым-қатынас орнатуды қалаймыз. Алматы – экономикасы қарқынды дамыған қалаллырдың бірі. Біздің екеуара бірігіп жасайтын ауқымды жобаларымыз бар», – деді Qatar Invest Llc& Dome Group Financial Advisors Ltd кеңесшісі, Түркияның бұрынғы вице-министрі Мехмет ШИМШЕК.

«Біздің компания сандық салада қызмет етеді. Бұл тәжірибемізбен Қазақстанпен бөліскіміз келеді. Бірқатар сандық жүйеге көшуге арналған тиімді жобаларымыз бар», – деді Crimson Logic Вице-Президенті  Йонг Ви Тан (СИНГАПУР).

Айта кетейік, Алматыда жақында «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін Almaty Invest орталығы ашылған болатын. Ал қалада кәсібін дөңгелетіп, қомақты қаражат құямын деген кәсіпкерлерге көліктік және инженерлік желілері дайын жер учаскелері берілмек.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы