Депутаттар мұнай-газ саласына қатысты ұзақ мерзімге арналған стратегиялық құжат қабылдауды ұсынды
Қазақстанда әскери қызметке баруға жастардың ынтасы жоқ. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында сенатор Бекболат Орынбеков айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, 2021 жылы жергілікті әскери басқару органдарында 215 105 адам мерзімді әскери қызметке шақырылуға тиіс болып, оның ішінен Қарулы күштерге және басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға 32 мыңнан астам жас жіберілген екен. Жоғары палата депутаттары Президент көтерген өзге де мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.
Бүгін Сенат тарихында алғаш рет мүмкіндігі шектеулі депутат ант қабылдады. Жоғары палата депутаттарының қатарына Ләззат Қалтаева қосылды. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде мемлекет басшысы бұл санаттағы азаматтардың саяси өмірге белсенді араласуына үнемі баса мән беріп келе жатқанын атап өтті. Одан кейін сенаторлар күн тәртібіндегі мәселелер мен депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, жастардың әскери қызметке деген ынтасының төмендігі туралы айтылды. Депутат Бекболат Орынбековтің айтуынша, әскерге шақыруға жататын жастардың 85 проценті түрлі себептер бойынша кейінге қалдырылды немесе толығымен босатылды.
«Әскери командалар қалыптастыру кезінде туындайтын мәселелердің негізгі себептері: бірінші жалтару немесе әскери қызмет өткеруден бас тарту. Заңнамада шақырушыларды әскери қызмет өткеруден бас тартқаны үшін қандай да бір жауаптылыққа тартудың көзделмеуі. Екінші, әскерге шақырылушы азаматтардың тұрғылықты орнын ауыстыруы салдарынан қосымша қиындықтар туындайды. Осылайша, шақырылудан жалтарған 39 560 әскерге шақырылушы іздестірілуде», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков.
Ал сенатор Сағындық Лұқпанов бүгінгі күні өзекті болып отырған мұнай-газ саласына қатысты өзінің ұсыныстарын Премьер-министрдің атына жолдады. Ол Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде осы саланы дамыту қажеттігіне қатысты мәселені бірнеше рет көтергенін атап өтті. Депутат аталған саланы өркендетудің нақты тетіктері айқындалатын ұзақ мерзімді кезеңге арналған жеке стратегиялық құжат қабылдауды ұсынды.
«Тұжырымдамада мұнай-газ химиясы жобаларын қолайлы құны бойынша шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу көзделуі керек. Бұл мәселені шешудің жолдарының бірі – газдарды одан әрі өңдеу нәтижесінде тауарлар өндірілген жағдайда акциздің екі еселенген мөлшерінде салық шегерімін қолдану болып саналатын кері акциз механизмін енгізу. Мұнай-газ химиясы кластерін құру кезінде қолда бар барлық ресурстарды тиімді пайдалану, артық, негізсіз көлік шығындарын болдырмау, әкімшілік шығындарды азайту үшін негізгі өндірістерді бір өңірде орналастыруды қамтамасыз ету қажет», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сағындық Лұқпанов.
Бұл ретте депутат Дәурен Әділбеков мұнай, газ және басқа да пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын компанияларға салық мөлшерін арттыруды ұсынып отыр. Осылайша, бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға болады деп санайды. Қазір олардың салық жүктемесі 8-9%-дан аспайды екен. Басқа елдерде орны толмайтын табиғи қорлар үшін жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу 25%-ға жетеді. «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамының жұмысына қатысты пікірлер әлі де толастамай тұр. Депутат Әлімжан Құртаев егер компания жұмысын дұрыс ұйымдастырғанда химия өнеркәсібі Қазақстан экономикасын дамытудың драйверіне айналатын еді дейді.
«2009 жылы «Самұрық-Қазына» Қоры «Біріккен химиялық компания» ЖШС-ін құрды. Қазіргі жағдайда компания қызметінің тиімділігі белгілі бір күмән туғызады. Есеп комитетінің бағалауы бойынша біріккен химия компаниясы қызметінің бүкіл кезеңде химия саласында жобаларды іске асыратын ұйымдарды капиталдандыруға жалпы алғанда 349 млрд.теңге бағытталды. Оның ішінде 73 пайызы немесе 256 млрд ҚР Ұлттық қорынан қаржыландырылды», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев.
Депутаттың дерегі бойынша, аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестік осы қомақты қаражатқа қызметінің барлық кезеңінде жоспарланған 21 жобаның тек 6 жобасын іске асырыпты. Бірақ олар да толық көлемде жұмыс істемейді екен.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы