Кеше ғана Ұлттық банктің мақұлдаған жеңілдетілген автонесие бағдарламасына бұқараның кейбірі күдікпен қарайды. Ал экономикалық сарапшылар бұл тиімді мүмкіндік екенін алға тартуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жеңілдетілген автонесиеге жұрттың бірі сенсе, екіншісі күдікпен қарайды. 4 пайыздық мөлшерлеме көңілге қонымды болғанымен, тұтынушылық несиеден жасырын комиссия ұстап келген қаржы институттарының «қитұрқы» қақпанына қайта түсіп қаламыз ба деп қорқады. Тек елімізде құрастырылған көлікті ғана алуға болады деген талапқа көпшілік қарсы емес екенін алға тартады.
«Өзімізде шығарылып жатқан көліктер жақсы, бірақ бағасы қымбат. Оған халықтың шамасы жетпейді. Банктің берген несиелерінде жасырын пайыздары бар. Соны қосады да, нәтижесінде халыққа қолжетімсіз болып шыға келеді», – дейді тұтынушылардың бірі.
Ал екінші бірі 4 пайыздың өте тиімді екенін, ондай жағдайда Хюндай секілді жақсы маркалы автокөлік мініп алуға болатынын айтып, қуануда.
Тұтынушыларды әсіресе өз елімізде құрастырылатын көліктер қызықтырады екен. Ал отандық жеңіл көлікті банктер ең жоғары займ 15 миллион теңге, 7 жылға деген шартпен және атаулы сыйақы мөлшерлемесі – ең көбі жылдық 4 пайызбен бермек. Сонымен қатар тиімді жылдық мөлшерлеме 7,5 пайыздан аспауы тиіс. Оған сақтандыру және автокөлікті кепілге рәсімдеу шығындары кіреді. Ал 2018 жылы екінші деңгейлі банктер 222,1 млрд теңгеге 92 мың 500 автокредит берген. Номиналдық сыйақы мөлшерлемесі айтарлықтай жоғары, яғни 13-26 пайыз аралығында. Соған қарамастан, қарыз алушылардың көрсеткіші бір жыл бұрынмен салыстырғанда екі есеге ұлғайған.
«ЕДБ-нің ұсынған автонесиесі бойынша орташа алынған мөлшерлемелері 14%-26% аралығында өзгеріп отырады. Ұсталған автомобильдерді сатып алуға берілетін несие бойынша сыйақының неғұрлым жоғары мөлшерлемесі - 26%. Отандық жаңа автомобильдерді сатып алуға арналған несие бойынша сыйақының мөлшерлемесі 2014 жылғы 21,0%-дан, 2018 жылғы 13,8%-ға дейін төмендеді», – деп мәлімдеді ҚР Ұлттық Банкі.
Экономикалық сарапшылардың айтуынша, бұл бастама бұқараға өте тиімді көрінеді. Жаңа көліктердің құны кем дегенде 2 миллион теңгеден жоғары болмақ. Ал тозығы жеткен темір тұлпарды 1 миллион теңгеге алғанымен, оның машақаты көп. Айналып келгенде, ескі көліктің жөнді жүруіне қосымша қаражат жұмсайтыныңыз тағы бар. Ал банктер мұндай мүмкіндікті ұсына отырып, өздерінің қаржылай портфельін көбейтуді көздеп отырса керек.
«Қазақстанда екінші деңгейлі банктердің несиелендіру мөлшерлемесі түсіп кеткен болатын. Бұл жерде 100 миллиард теңге сомасындағы ақша ағымын көбейту қарастырылып отыр. Қазақстандағы қарапайым халықты несиелендіру арқылы банктердің портфелін көбейту болып табылады. Осы ретте өзіміздің отандық өнеркәсіпті қолдау мақсатында, Ресеймен келіссөздер жүргізіліп жатыр», – деді экономикалық сарапшы Әділет БАҒДАТ.
Ұлттық экономика министрлігінің тағы бір көздегені – еліміздегі ескі автокөліктердің санын барынша азайту. Өйткені, статистика бойынша, Қазақстанда тіркелген темір тұлпардың 64%-ы 10 жыл бұрын есептен шығарылған көліктер. Ал отандық автомобильдердің жалпы сатудағы үлесі 2017 жылғы 40%-дан 2018 жылы 48%-ға дейін өскен. Басқаша айтқанда, сатылған әрбір екінші автомобиль Қазақстанда жасалған. Енді, банктер арқылы осы сауда қарқынын үдету биылғы жылдың еншісінде болмақ.
Әйкерім Ердәулетқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.