Сіз бақсы-балгерге сенесіз бе? Қазіргі таңда Қазақстанда арнайы сертификат алған 2 мыңнан аса халық емшісі бар екен. Бірақ оларға адам емдеу құқығын Қазақстан халық емшілері қауымдастығы берген. Ал заңгерлердің айтуынша, арнайы лицензияны тек ресми органдар ғана беруі тиіс. Алайда, бақсы-балгердің біліміне көз жеткізбей жатып, оларға тағдырын табыстайтындар көбейіп кеткен. Мәселен, өткен аптада Алматы облысында бақсыға барып, жынын шығартпақ болған ер адам қайтыс болған еді. 28 жастағы жігіттің мезгілсіз өліміне полицейлер «халық емшісі» кінәлі деп, оның үстінен қылмыстық іс қозғады. Атпалдай азаматтың жұмбақ өліміне расымен, жынның қатысы болуы мүмкін бе? Елімізде жын шығаратын молдалар кімдер?
Біздің қоғамда «бақсы-балгер», «тәуіп», «көріпкел» деген сөздер ешкімге де таңсық емес. Баласына көз тисе, суық тиіп, құнды затын жоғалтса болды, емші-құмалақшыны жағалап кететіндер әлі көп. Шамалған ауылында қайтыс болған жігітке де туыстары бақсының емі шипа болар деген үмітпен алып барған. Алайда, жеті күндік емнен соң «ішімде жын бар» деген жігіт жантәсілім етті. Бірақ оның өліміне туыстары мен жақындары бақсының еш кінәсі жоқ деп отыр.
«Айтуынша, «аузыма жатқан кезде бір нәрсе кіріп кетті» деді. Содан қараңғы бөлмеге қарап қаша беретін болды. Көпшілікке қосылмайтын болды. Біреулер «жын бар» деді, біреулер «дуалаған» деді. Әйтеуір, бір түрлі болып кетті», – дейді марқұм Т.Оразалиевтің ағасы АМАНТАЙ.
«Отын шабамын деп қолын шауып тастаған. Содан қашып, Шамалған стансасына кетіп қалды. Одан туыстарымыз машинаға салып, Ұзынағашқа алып келді. Мен сол Ұзынағашқа барып, оны Қаскелеңдегі ауруханаға апардық. Білмеймін ғой, жын кірсе, неше молдаға барды, жазылмады ғой. Психикалық түрде ауырды ма деймін», – дейді марқұмның тағы бір туысы Еркеғали ӘБДІҒАЛИЕВ.
Экзорцизм, яғни дұғамен жын шығару – әлемде кең таралған әдіс. Қазақстан халық емшілері қауымдастығы президентінің айтуынша, мұндай ем түрі қазақта бұрыннан болған. Алайда, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы «Қазір біздің елімізде жын шығаратын мықты молда жоқ» деп шорт кесті.
«Қазір телефизорды, интернетті ашып қалсаң біреу біреуді қылқындырып жатыр, біреуі сабап жатыр, біреуі шыңғыртып жатыр... Олардың өздері жынның не екенін білмейді. Қазақтар ертеде емдеген. Ондай адамдардың қол-аяғын байлаған, бақсы ойнаған немесе шұңқыр қазып, басын төмен қаратып, аяғынан жоғары ұстап тұрған. Бірақ ол кездегі бақсылар қазір жоқ, қарағым. Сондықтан бұл жерде бір-ақ таным – Аллаға деген таным ғана бар! Адамның өзіне деген сенімі, содан кейін діни сауаттылығы болуы тиіс», – деді Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зиядан қажы ҚОЖАЛЫМОВ.
«Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы» 27 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні оның құрамында 2 мыңдай емші бар. Жыл сайын олардың білімі мен біліктіліктері тексеріліп тұрады деді Зиядан Қожалымов. Оның айтуынша, былтыр халықты алдап-арбап жүрген 200-ден аса емшісымақ қауымдастық құрамынан шығарылған.
«Сауатсыз емші бәрін емдеймін дейді. Ондай болуы мүмкін емес. Өйткені, дәрігерлерді алсақ, мәселен, бір терапевттің өзін бірнеше салаға бөліп жібереді. Ал сауатсыз емші науқасты қалай емдейді? Емшілер отаны қажет ететін іш-құрылыс ауруларына жоламау керек. Оның сыртында, туберкулез аурулары, рак ауруларына, жүрек қан-тамырларының асқынған түрлері, адам тұра алмай қалатын сал ауруы, психологиялық, наркологиялық аурулар, тері аурулары, жұқпалы ауруларға біз тыйым саламыз», – деді Зиядан қажы ҚОЖАЛЫМОВ.
«Сонымен, ол мені үш күн тоқпақтады. «Тоқпақ ем» жасады. Ал үш күннен кейін бүкіл киімдерімді ауыстыруыма тура келді...»
Бұл «Тоқпақ емнің» арқасында үш күнде 20 келі тастап, артық салмақтан айырылдым» деген Бану Ақбаеваның сөзі. Ол тек дәстүрлі медицинаға сенеді. Дәрі мүлдем ішпейтін әйел тіпті, кеудесінде ісік пайда болғанда да халық емінен жазылдым дейді.
«Осыдан 10 жыл бұрын менің төсімде ісік болды. Біртіндеп қатты үлкейіп кетті. Барып тексерілгенімде дәрігерлер онкологиялық ауруханаға барып, ота жасау керек деді. Мен әрине, бармадым. Содан соң емшіге келдім, ол кісі өсімдік тамырларынан дәрі дайындап берді. Соны ішіп жазылдым. Міне, 20 жыл болды ауру да, дәнеңе де жоқ», – дейді Бану АҚБАЕВА.
Банудың дертіне дауа тапқан халық емшісі – Ерхан Мәдіғалиев. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» мүшесі. Арнайы сертификаты да бар. 27 жылдан бері «тоқпақ еммен» айналысады. Ескіден келе жатқан бұл әдіс талай ауруға шипа дейді.
«Екі адамды емдедім, біреуі 3,5 жыл, біреуі 2 жыл төсекте жатып қалған науқастарды осы ем әдісімен орнынан тұрғызғанмын. Бұл бүкіл денедегі суықты орын-орнына тарқатып жібереді. Жалпы, ішкі-сыртқы нервтерді, өкпе, бауыр, көкбауыр, бәрін бір-ақ оятады», – деді халық емшісі Ерхан МӘДІҒАЛИЕВ.
Ал заңгерлермен тілдескенімізде, Қазақстанда халықтық медицинаға тыйым жоқ екенін айтты. Алайда, дәстүрлі медицинамен айналысуға тек медициналық білімі бар және Денсаулық сақтау министрлігінің лицензиясын алған адамдар ғана құқылы дегенді алға тартты. Ал ондай рұқсат қағазы жоқтарға 12 500 теңге айыппұл салынады екен.
«Ал егер ондай заңсыз медициналық қызмет көрсеткеннен кейін, салдарынан адам денсаулығына орташа түрдегі зиян немесе қаупі зор зиян келтірілсе немесе адам өліміне әкеліп соқса, ондай жағдай қылмыстық іс болып саналады. Онда емші Қылмыстық кодекстің 322-бабы бойынша сотталады. Кодексте 1 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – деп түсіндірді заңгер Серік БЕРКАМАЛОВ.
Бақсы-балгерге деген біздің қоғамның пікірі қандай? Әлбетте, бұл тақырыпта тұрғындардың көзқарасы екіге бөлінді.
«Меніңше, ол нағыз қараңғылық. Ондайға сенген емеспін, сенбеймін де. Сенсем тек 7-8 жыл оқып, арнайы білім алып шыққан дәрігерлерге ғана сенемін, бірақ, тәуіптерге сенбеймін», «Мен емші-тәуіртерге барғанмын. Бірақ айтқандары шындықпен мүлдем сәйкес келген жоқ. Олар маған «оқуға түсесің, барлығы жақсы болады» деп айтқан болатын. Бірақ бәрі керісінше болып шықты», «Емшіге барып көргенмін. Иә, сенемін. Аздап ұйқым дұрыс болмай жүр еді, соған көмегі тиді. Әйтпесе, оған дейін әрдайым жаман түстер көріп жүретінмін», «Бұрын сенген едім, қазір білмеймін... бұрын жақсылар емшілер болатын еді...» Бұл біз сөзге тартқан тұрғындардың пікірі.
Ғаламторды ашып қалсаңыз, «Дем саламын», «Жол ашамын», «Болашағыңды болжап, ауруыңнан айықтырамын» деген жарнамалар өріп жүр. Алайда, өмірін өзгертемін деп өкінішке ұрынғандар өте көп.
Тоғжан Жалғасбекқызы, «Алматы» телеарнасы