Қаладағы 14 ірі саябақ, 96 шағын көгалды демалыс орындарына жауапсыз қарағандар әкімшілік жауапқа тартылады
Тұрғындар ағаштардың уақытылы суарылмай, қараусыз қалғанына наразы. Жылдағыдан ерте жапырақ жинаумен күніміз өтіп жатыр деген жұмысшылар су шашатын құралдардың әбден ескіргенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Надежда Маратқызының күн сайын баласын ертіп қыдырып, сая табатын орнының бірі – «Жас қанат» саябағы. Бірақ, «Көктем» шағын ауданының тұрғындары екі жыл бұрын егілген ақ қайың, қылқан жапырақты ағаштардың жаз бітпей сарғайып, көгалды жердің қурап кеткеніне аң-таң.
«Бостандық ауданының әкімдігіне жаздай шағым айтсақ та, еш мән бермеді. Ақыры екі жыл бұрын жасалған саябақ сарғайып кетті. Әсіресе, кешке демалуға келетін халық көбейген кезде шаң бұрқырап кетеді. Обал, жаздың ортасы енді ғана болды, бірақ ағаштар қурап үлгерді», – дейді. Надежда НҰРХАНОВА.
Жасыл желектердің жаз бітпей жалаңаштанып, сұрықсыздануын тұрғындар ағаштардың уақытылы суарылмағандығын көреді. Ал мына көрініс субұрқақ емес, жер тақырға айналған соң ғана тиіп тұрған өзеннен су сорып жатқан жұмысшылардың қырық тесік құралы.
«Көгал, ағаштар мүлдем суарылмаған. Өйткені жердің астынан су келмейді. Соның кесірінен бәрі уақытынан бұрын шіріп, қурап жатыр. Суарса, жап-жасыл боп, құлпырып шығар еді ғой», – дейді мердігер мекеменің жұмысшысы Бақберген ЖЕКСЕМБЕКОВ.
Самал есетін «Қарағайлы» саябағынан да сән кеткен. Демалуға келген халық жапырақ жинап жатқан жұмысшылар айналаны шаңға айналдырып, күз келмей көрікті жердің келбетін кетірді дейді.
Ал қалалық жасыл экономика басқармасының мәлімдеуінше жағдай соншалықты мүшкіл емес. Ағаштар таңертең және түнде суарылатындықтан, халық жұмысты көрмейді дейді олар.
«Күн ыстық. Әйтпесе, саябақтар біздің қадағалауымызда. Біз ағаштар мен көгелды көлікпен тасып, автоматты шашып және арық арқылы үш түрлі әдіспен суарамыз», – деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас ЖАНЫСБАЕВ.
Санитарлық кесу, химиялық өңдеу, құрттан тазарту, суару жұмыстарына аудан әкімдіктері жауапты, ал қала әкімдігі тек мониторинг ғана жүргізеді. Капырықта аптасына екі рет қана су шашылады деген басқарма, қаладағы 14 ірі саябақ, 96 шағын көгалды демалыс орындарына жауапсыз қарағандар әкімшілік жауапқа тартылады деп сендірді.
Әмірболат Құсайынұлы, Әрсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы