Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай заңға сәйкес азаматтарға және жалпы мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған адамдарға амнистия жасалады. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиынға дейін Президент ішкі істер органдарына қарасты арнайы техникаларды қарап шығып, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметімен танысты. Ведомствоның алқа мәжілісінде мемлекет басшысы Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы төлеуге жыл соңына дейін тағы да 11,5 миллиард теңге берілетінін айтты. Тәртіп сақшыларының еңбекақысын алдағы үш жыл ішінде 30 пайызға көтеруді тапсырды. Президент барлық мемлекеттік басқару жүйесіне үлкен сынақ болған COVID-19 пандемиясы кезінде полиция қызметкерлерінің ерекше еңбек етті деген баға берді.
«Қазіргі жағдайда дәрігерлермен қатар алғы шепте полиция қызметкерлері де жүр. Өйткені азаматтардың қауіпсіздігі ғана емес, олардың денсаулығы мен берекелі өмірі сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Сондықтан бүгінгідей күрделі жағдайда мемлекет індетке қарсы тұрғандардың барлығын қолдайды. Менің тапсырмам бойынша пандемияның бірінші кезеңінде карантин шараларын қамтамасыз етуге қатысқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы төлеуге 6,6 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін тағы да 11,5 миллиард теңге беріледі», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кадр саясатына баса мән берді. Шын мәнінде тәртіп сақшылары бүкіл жұртқа азаматтарға үлгі болуға тиіс деп атап өтті. Президент полиция қызметін цифрландыру, заңсыз есірткі айналымымен күресті күшейту, түзету жүйесінің жағдайын жақсарту керек екенін мәлімдеді.
«Елдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда қылмыстың өршуіне және түрме «тәртібінің» таралуына мүлде жол беруге болмайды. Ондағы жағдайдың аса мәз емес екені мәлім. Бас бостандығынан айырмай жазалауға қатысты түйткілдер бар. Министрлік қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерді шешу бойынша нәтижелі жұмыстар көрсетуі керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.