Қазақстанда медициналық қалдықтарды жою мәселесі өзекті. Арнайы орын мен тиісті қондырғылары жоқ компаниялар халық денсаулығына зиян қалдықтарды талап бойынша жоймайды немесе қайта өңдемейді. Бұл қазақстандықтардың денсаулығы мен қоршаған ортаға айтарлықтай қауіп төндіреді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамандардың айтуынша, бір рет қолданылатын шприцтер, тамызғыштар, таңғыштар медицина мекемелерінің қоқыс контейнерлеріне тасталады. Ал бұл одан ары әртүрлі инфекциялардың пайда болу және таралу қаупін тудырады. Осылайша, медицина қалдықтарын дұрыс жоймау халықтың денсаулығына зиянын тигізеді.
Депутат Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, медициналық қалдықтардың өсуі, әсіресе, бүгінде коронавирус пандемиясы кезінде еліміз үшін өте өзекті. Ол Денсаулық сақтау, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері тарапынан жасалып жатқан шаралар жеткіліксіз дейді. Себебі жылда дәрігерлік қалдықтарды айдалаға шығарып тастайтындар көбеймесе, азаймаған.
«Бұл талаптар орындалып жатыр ма? Оны кім бақылайды? Қайта өңдеу қызметін ұсынатын компанияларда тиісті қондырғылар бар ма және олар қажетті талаптарға сай ма? Медицина қалдықтарын кәдеге жарату ережелерін бұзғаны үшін қолданылатын жазалар қаншалықты тиімді?» – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.
Санитариялық эпидемиологиялық комитеттің бас сарапшысы Мирасхан Егізбаевтің сөзінше елдегі медицина ұйымдарының қалдықтарды кәдеге жарататын, зарарсыздандыратын жабдықтары бар. Әр аурухана бұл қызметтерді арнайы компаниялардың көмегімен өзара келісімшартқа отырып атқарады. Егер арыз түсетін болса, онда компания әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осы ретте, маман шағым түскен ұйымдар бар екенін жасырмады.
«Қазіргі қолданыстағы заңнамаларға сәйкес медицина қалдықтың иелері жылдық есептерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдарға жылдық есептерін тапсырады. Медициналық кадастр ол бақылау тиімділігін арттыру мақсатында қолданылған. 2016 жылдан бастап 2021 жылды қоса алғандағы ақпараттарда көрсетілген деректердің бәрі медициналық кадастрға енгізілген», - деді Санитариялық-эпидемиологиялық комитетінің бас сарапшысы Мирасхан Егізбаев.
Ал экологтар медициналық қалдықтарға қатысты мәселелердің түп төркіні тендерден басталады дейді. Себебі тендерде мемлекеттік ауруханалар ең аз бағаны ұсынған компанияны ғана таңдайды. Осы ретте, тендерді қайтсем де ұтамын деген компаниялар шығынын да өтемейтін бағаларды қойып қояды. Сәйкесінше, бұл салада тәжірибесі мен білімі жоқ адамдар, қалдықтарды қалай зарарсыздандыру керек екеніне тіпті бас қатырмайды. Айдалаға тастап кетеді немесе өртеп жібереді. Сол үшін тендерге қатысты талапты күшейту керек дейді мамандар.
«Бұл нормативтік құқықтық актілер министрлердің деңгейінде бекітіледі. Құқықтық актілерді бекітуде олар қоғамдық ұйымдармен, эксперттік қауымдастықпен көбінесе ақылдаспайды. Олар өз кабинетінде отырып алып, бар білгенін жазып қояды. Ақмола облысында осындай жағдайлар кездескен. Айдалада адамның дене мүшелерінің бөліктерін қарға тастап кеткен. Қанмен былғанған медициналық қалдықтар топырақтың ластануына әкелуі мүмкін», - деді Тәжірбиешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова.
Мамандардың айтуынша, ел аумағында бұл үлкен мәселе және оны тек министрлік деңгейінде ғана шешуге болады.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан