Түркістан облысында 266 отбасы заңды түрде алған жер учаскелерінен айырылып қалуы мүмкін. 2006-2007 жылдары Яссы ауылдық округінен халыққа тегін жер телімдері берілген еді. Алайда соңғы екі жылдан бері ол жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару мәселесі жұртты әбігерге салып келеді. «Әкімдік соттың көмегімен жерді рәсімдеу құжаттарын жоққа шығарды» деп наразылық танытқан халық енді құзырлы органдардан көмек сұрап отыр. Арада 15 жыл өткен соң жерді заңсыз алынды деп тауып, кері қайтаруға не түрткі болғанын Almaty.tv тілшісі анықтап көрген еді.
2006-2007 жылдары Яссы ауылдық округінен жергілікті әкімдік 245 отбасыға тегін 10 сотық жерден берген еді. Бүгінде халықтың қолында жер телімін алу туралы әкімнің қаулысы мен заңды актілері, сол кездегі комиссияның шешімі сынды құжаттардың бәрі бар. Алайда осыдан 2 жыл бұрын Түркістан қаласы әкімдігінің қаулысымен қазіргі Жібек жолы саябағы аумағындағы 266 жер телімін мемлекетке қайтару туралы шешім қабылданыпты. 15 жыл ішінде үй салып, жолға дейін өздері төсеген жұртшылық бұған наразылық білдіріп отыр.
«Біз өз тарапымыздан істелетін міндеттің бәрін заңды түрде тіркеттік. Бізге өтемақы бермей, кетіңдер деп жатыр», – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Әлмұхамбет Айменов.
«Менің салынған үйім, қанша жылдық еңбегім зая кетті. Сонда «салған үйіңді алып кете бер енді» деген сөз ғой? Өтемақы да, ештеңе де төленбейді екен. Сот бізге «Өйткені сіздердің құжаттарыңыз о баста жалған болған деп айтты», - дейді тағы бір тұрғын Ләззат Малдыбекова.
Халық кезінде мүлкін заңдастыру үшін Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі», «Азаматтарға арналған үкімет», «Жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Түркістан қалалық бөлімі» сынды мемлекеттік мекемелердің рұқсат құжатын жинап, соңында мүлкін Әділет департаментіне де тіркетіпті. Бірақ сот кезінде бұл құжаттардың түбірі архивте сақталмағаны айтылған. Сондықтан өтемақы төлеу мәселесі де шиеленіскен. Жерді «мемлекеттің қажеттілігі үшін» деген талаппен кері қайтару үшін төленетін өтемақы құны 4 миллион теңгеден асады. Алайда құжат расталмаса, ол да жоқ екен.
«Менің атымдағы жерге ақша берді. «4 млн 192 мың теңге сізге түсті, барып алыңыз» деді. Содан соң 3-4 айдан кейін қайта шақырды. «Сіздің атыңыздағы жер туралы шешім дұрыс емес екен, сіз ол ақшаны бізге қайтарасыз, құжатыңызды сотқа өткізіп қойдық» деді», - деп күйінеді келесі бір тұрғын Ырыстықыз Қошқарова.
Бүгінде соттың алғашқы отырысына қатысқан тұрғындардың көбі «құжатымыз жалған деп танылды» деп налып отыр. Ал қорғаушының айтуынша, бұл мәселеде қалың жұртшылықтың құқығы бұзылып жатыр екен.
«Бұл жерде ҚР мүлікті жария ету туралы 2006 жылғы заңының талаптары өрескел бұзылып отыр. Содан кейін Құқықтық актілер туралы заңның талаптары мен Жер кодексінің талаптары өрескел бұзылып отыр. Рақымшылық жасау туралы заңның талаптары да бұзылған», - деді адвокат Жәмилә Түленова.
Ал әкімдік бұл мәселе тек заң аясында қарастырылатынын алға тартты. Егер жер телімдерінің құжаты заңды болса, өтемақы төленеді. Бүгінде 3 жер учаскесі бұғатқа алынып, 50 құжаттың түбірі болмағандықтан сот тарапымен шешілуге жолданыпты.
«Бүгінгі күні сол 266 жер телімінің 180 жер пайдаланушысына толықтай өтемақы төленді. 5 жер телімі бойынша соттың шешімі шығып, құжаттар заңсыз болуына байланысты мемлекетке қайтарылды», - деді Түркістан қаласы Жер қатынастары бөлімінің басшысы Бекзат Әбубәкіров.
Шиеленіскен мәселеде сан соғып қаламыз ба деген тұрғындар апелляцияға тапсырып та көрген. Бірақ нәтиже жоқ. Енді көпшілік құзырлы органдардан көмек сұрауға мәжбүр. Ал алдағы уақытта мемлекет меншігіне қайтарылған жер телімдерінің орнына саябақтар мен көпқабатты үйлер салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі дейді Түркістан қаласы әкімдігінің өкілдері.
Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан