Бақытжан Сағынтаев жазушылармен кездескен кезде де әр алматылық бір ағаштан ексе, «Жасыл Алматы» статусын қайтара аламыз дегенді ерекше атап өтті, деп хабарлайды
Almaty.tv тілшісі.
Себебі, қалада жасыл желектердің қурап, азайып бара жатқандығын қаламгерлер де көтерді. Одан бөлек, алматылықтар әкімге жиі өтініш те жазған. Ал, түбі шіріген тал, суғарылмаған ағаштардың суретін арнамыздың уатсап нөміріне түрғындар жиі жолдап жатыр. Жауаптылардан қайыр болмаған соң өздері отырғызып, баптауға кіріскен,
Желтоқсан көшесіндегі ағаштардың кейбірінің асты тесіліп, бір бүйірінен бастап шіріп барады. Талдың мұндай халін қала тұрғыны әлеуметтік желіге жүктепті. Айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын аулаларында дәл осындай кәрі ағаш шіріп, құлаған екен. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Соның кейпін мына жасыл желек кие ме деп алаңдайды. Оның үстіне көлік жүйіткитін жаққа қарай қисайып тұр. Қураған ағаштар Райымбек даңғылында да жетерлік. Жақында отырғызылған шыбықтар, бой көтеріп, бүр жармаған. Себебі уақытылы суарылмаған. Ал, Саялы ықшамауданында тұрғындар көлеңке таба алмай қиналамыз дейді. Құрылғанына бірнеше жыл болса да, мұнда ағаштар жоқ. Сөздеріне сенсек, жауаптылар мүлдем қарамайды екен. Салдарынан өздері отырғызуға тура келген.
«Қайбір жылдары қымбат қайыңағаштарын әкеп отырғызды да, содан кейін жоқ болып кетті. Ешкім оған су құйып, күтіп баптаған жоқ», – деді бір тұрғын.
«Көктемде егілді мына жерге, анау аяғына дейін егілуін егілді, бірақ су берілмеді. Неге берілмегені белгісіз», – деді келесі бірі.
Бұл ағаштар мына үйлер салынып біткен кезде отырғызылса керек. Егілген күйі ұмыт қалған көшеттер қазір қурап, құр таяқ болып қалған. Қайта күтіп, баптағанның өзінде бұлардың бүр жаруы екі талай. Жасыл желектердің соңғы рет қашан суарылғаны да белгісіз.
Алматы қаласының басшысы Бақытжан Сағынтаев мегаполисті жасылдандыру бойынша жиын өткізген болатын. Әкім осы күзде «Жасыл Алматы» үш жылдық жобаны бастауды ұсынды. Оның барысында қала бойынша кем дегенде миллион түп ағаш отырғызылатын болады. Егер әрбір алматылық бір ағаштан ексе, онда қала экологиясының өзгеретініне сенетінін жеткізді.
«Биыл күз мезгілінде жіберіп алған олқылықтардың орнын толтыру үшін бір тал кессе, бес ағаш еккізу керек. Сонда біз биыл, әкімшілік тарапынан 5 мың талды кесуге рұқсат беріппіз. Сол 5 мың талдың орнына 25 мың егеміз деді. Алайда Алматы секілді алып шаһарға 25 мың тал деген түк емес. Ол – жай бір ауылдың ағашы. Бізге одан да ауқымды ағаш отырғызу керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Айта кетейік, осы күні Алматыда 2 миллион 200 мың ағаш болса, оның жайнап тұрғаны – 1 миллион 200 мың ғана. Шамамен 500 мыңы құлауға шақ тұрса, қалғаны емдеуді қажет етеді.
Өмір Әнуарбек, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы