Ұстаздардың еңбек демалысын 56 күнге дейін ұлғайту көзделіп отыр
Атап айтқанда, мұғалімдерді білім саласына еш қатысы жоқ, қызметіне тән емес шараға тартқандарға 120 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстырған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Үкімет бүгін «Педагог мәртебесі» туралы Заң жобасын бекітті. Жобаның негізгі идеясы - мұғалімдердің жүктемесін азайту. Кәсіби тұрғыдан дамуға және шығармашылыққа мүмкіндік беру. Ұстаздардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау.
«Жалпы, заң жобасын іске асыру мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға педагогтер үшін әлеуметтік кепілдік жүйесін жасауға мүмкіндік береді. «Педагог мәртебесі туралы заң жобасын» әзірлеу басқа да заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді қажет етеді», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.
Үкімет басшысының айтуынша, мұғалімдердің жалақысын арттырып, педагогикалық шеберлік, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеуге бағытталған шаралар қолға алынбақ. Бұдан бөлек, ұстаздардың еңбек демалысын 56 күнге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Ал мұғалімдерді артық жұмысқа тартқандар бұдан былай жазаланады.
«Педагогтың жүктемесін қысқарту бойынша жеке нормалар көзделген. Бұл орайда, мұғалімнің кәсіби фракциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. Құқық бұзушылық субъектісіне байланысты мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салу заң жобасында қарастырылған», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Жаңа заң жобасы қаржымен толық қамтамасыз етілмек. Осы мақсатта алдағы үш жылға 930 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралған.
«50 жылдың ішінде алғаш рет мұғалімдерге тәлімгерлігі үшін, магистр атағы үшін қосымша ақы төленетін болады. Енді министрліктің негізгі міндеті - осы заң жобасын дер кезінде Парламентте қорғап, тезірек жүзеге асуын қамтамасыз ету. Заң қабылданғаннан кейін мәнін, мақсатын халыққа түсіндіріп айтуымыз керек», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ.
Үкімет отырысында бүгін, сондай-ақ алдағы үш жылға ел бюджеті бекітілді. Қаржы бірінші кезекте әлеуметтік салаға бағыттамақ. Мәселен, келер жылы аталған салаға 5 жарым триллион теңгеден астам ақша жұмсау көзделген.
«2020 жылға арналған әлеуметтік сала шығыстары 303 млрд теңгелік өсіммен 5 трлн 692 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр. Жыл сайынғы индекстеуге, зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың саны ұлғаюына байланысты қосымша 304 млрд теңге көзделген. 2020 жылдан бастап Президенттің педагогтардың мәртебесін көтеру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша үш жылға 1,2 трлн теңге шығыстарымен іс-шаралар жоспарланды. Оның 749 млрд теңгесі жергілікті бюджеттердің базасына беріледі», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.
Бұдан бөлек, келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға толық көшу іске асырылмақ. Осы ретте шығыстар 217 миллиард теңгеге ұлғайтылды. Жобаға сәйкес Қазақстанның жуық жылдардағы кірісі 26 триллион теңгеден асып жығылады. Ал шығыны 40 триллионға жетеді деген болжам бар. Алайда, Үкіметте алаңдауға еш негіз жоқ, шығындардың өсім темпі жалпы ішкі өнім көрсеткіштерінен аспайды деп сендірді.