Алматы облысында қан майданға аттанып, сұм соғысқа қатысқан 10 ардагер бар, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғұмыры ғасырға жалғасқан майдангерлердің бәрі бозбала шақта қару алып, соғысқа аттанған. Солардың бірі – 99 жасқа толған Шәйке Ыдырысов. Ол 17 жасында жаяу әскер қатарына алынып, Беларусь пен Пруссияны азат етуге қатысқан. Сапта жүріп сан рет жарақат алса да, ерлігімен көзге түсіп, «Ерлігі үшін», «Қызыл жұлдыз» медальдерімен марапатталыпты.
– Ал балаларым, сендер мен сыйлап шақырдыңдар, рақмет! Денсаулық мықты болсын! Тілеген тілектеріңе, аңсаған армандарыңа жетіңдер. Бірақ мен көрген қорлықты көрмеңдер, жақсылықтың куәсі болыңдар,балаларым! – деді ҰОС ардагері Шәйке Ыдырысов.
– Біздің буын тарихты, соғыс ардагерлерінің еңбегін білуі керек! Бүгінгі бейбітшіліктің қандай қиындықпен келгенін ұрпақтың түсінгені маңызды. Мерекеде құрмет көрсетіп, шақырып, елеп жатқандарыңа рақмет! Аспанымыз ашық, өміріміз тыныш болсын!, – деді ҰОС ардагері Фёдор Ковалёв.
Қарт жауынгерлер қатарластарын еске алды. Олардың дастархан басындағы жиыны майдангер-достарының ерлігін дәріптеп, келер ұрпаққа бейбіт күннің бағасын түсіндіруге ұласты. Ал ардагерлерге алғыс айтып, құрмет көрсетуде бас болған жомарт жан «Соғыста етігімен қан кешіп, есепсіз ерлік көрсеткендерге сый-құрметтің қайсысы да лайық!»дейді.
– Сол кезде жап-жас кезінде соғысқа барып, 5 жылдай жаумен шайқасып келген аталарым ғой. Сол үшін міндетті түрде құрметтеуім керек, қолдауым керек. Сол кісілердің арқасында осындай дәрежеге жеттім, – деді кәсіпкер Данияр Нұрбаев.
Құрметке бөленіп, кездесуге келгендердің қатарында тыл ардагерлері де бар. Ақ жаулығы желбіреп, алаңсыз күннің бағасын түсінуге үндеген аналар да ел іргесінің беріктігі үшін еңбектенуге шақырады. Жиын соңында соғысты көріп, сұрапыл жылдың қиындығын сезген ардагерлер жас ұрпаққа ақ батасын беріп, келер күнге бейбіт заман тіледі.
Мадина Оқас, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы